ҚР ИДМ азаматтық авиация комитеті ұшақ бортына белгісіз адамның рұқсатсыз кіруіне байланысты әуе қауіпсіздігі бойынша жоспардан тыс инспекциялық тексеру жүргізеді, деп хабарлайды комитеттің баспасөз қызметі.
"ҚР ИДМ азаматтық авиация комитеті "Эйр Астана" АҚ әуе компаниясының Алматы - Гонконг рейсі бағытындағы ұшақ бортына ешбір рұқсатсыз азаматтың өту оқиғасына орай әуе қауіпсіздігі бойынша инспекциялық тексеру жүргізеді. Тексеру барысында жоғарыда аталған оқиғаның мән-жайы тергеліп, анықталмақ. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданады", - делінген хабарламада.
Бұған дейін әлеуметтік желіде 14 қыркүйекте әнші Төреғали Төреәлінің билетсіз Алматы әуежайында ұшаққа кіріп, отбасын шығарып салғаны сөз болған еді. Экипаж оны шығып бара жатқан кезінде байқаған. Соның салдарынан жолаушылар қайта тексеріліп, рейс жарты сағатқа кешіктірілді.
"Кеше Төреғали Төреәлі Таиландқа баратын ұшаққа билетсіз кіріп, бала-шағасын шығарып салған екен! Ұшақтың іші қайта тексеріліп, жарты сағатқа кешігіп ұшқан. Кеден,шекара, ұшақ қызметтерінің барлығынан тексерусіз өтіп кетіп, мемлекеттік шекараны бұзған бұл бауырымның басбұзарлығына өз басым онша таң қала қойған жоқпын. Оны да бір "табынушысы" өткізген шығар? "Төрештер" енді өздеріне бәрі болады деп ойлайды. Олар жұлдыз! Олар көкте жүр! Жерге түсірген дұрыс шығар? Әйтпесе тағы талай нәрсені бүлдіреді олар...", - деп жазған болатын Арман Сқабылұлы фейсбуктегі парақшасында.