Әуе компаниялары қайтарылмайтын билет құнының 30 пайыздан астамын ұстап қалмауы керек

1072

Әуе компаниялары қайтарылмайтын билет құнының 30 пайыздан астамын ұстап қалмауы керек

Әуе компаниялары қайтарылмайтын билеттер құнының 30 пайыздан астамын ұстап қалуға құқығы жоқ. Бұл туралы Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінен айтылды, деп хабарлайды lsm.kz. 

Комитет өкілінің айтуынша, "Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" заңға сәйкес, әуе компаниялары клиенттерімен тұтынушылар құқын бұзатын келісім-шарт жасаспауы керек (1-бөлім, 8-1-бап), сондай-ақ билеттен бас тартқан я оны қайтарып берген жағдайда қызметтің толық құнын ұстап қалуға болмайды (4-бөлімше, 2-бөлім, 8-1-бап).  

"Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы" заңның 22-бабына сәйкес, тұтынушы тауарды (жұмысты, көрсетілген қызметті) сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) өз құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықты жою туралы және осы бұзушылықтардан тұтынушыға келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеу туралы кінә қойып жүгінуге құқылы", - дейді комитет өкілі.

Егер сатушы (дайындаушы, орындаушы) қойылған кінәға күнтізбелік он күн ішінде жауап бермесе немесе бұзушылықтарды жоюдан және келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеуден бас тартса, тұтынушы сотқа жүгінуге құқылы.

Қайтарылмайтын билеттер құнының 30 пайыздан астамын ұстап қалуға қатысты пікір берген азаматтық авиация комитеті ведомствоға тұтынушылардан әуе тасымалдау туралы келісім-шарт бұзылған жағдайда үлкен сомадағы төлем өтеуді талап ететін компанияларға қатысты бірнеше шағым түсетінін айтты. Алайда билет әуе компаниясы мен жолаушы арасындағы жария келісім болғандықтан, барлық дау-дамай азаматтық-құқықтық тәртіп негізінде шешілуі керек.

Тұтынушылар ұлттық лигасының айтуынша, оларға да билеттің ақшасын қайтарып беруден бас тартқан әуе компанияларына шағым айтқан азаматтар жиі келеді. Ұйым президенті Светлана Романовская "әдетте әуе компаниялары заңның тиісті баптарын айқан азаматтарға ғана ақшасын қайтарып беретін көрінеді" дейді.

"Заң бойынша, клиент билеттен бас тартқан жағдайда тасымалдаушы оның құнының 30 пайыздан жоғары бөлігін ұстап қалуға құқығы жоқ. Алайда әуе компаниялары бұл заңды бұзады, ал тұтынушылар бұл қаржыны қалай қайтаруға болатынын білмейді. Бұл шетелдік тасымалдаушыларға да қатысты. Себебі билеттер Қазақстан аумағында алынғандықтан, олар да біздің елдің заңына бағынады", - деді Романовская.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу