1992 жылғы 19 маусымда Қорғаныс министрінің директивасы негізінде Қазақстанның Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері құрылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгінде бұл құрылым елдің әуе кеңістігін қорғап, маңызды стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі күштердің бірі саналады.
Әскерлердің басты міндеті – әкімшілік-саяси және өнеркәсіптік орталықтарды, әскери бөлімдер мен маңызды нысандарды авиация, зымыран және ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалуы мүмкін шабуылдардан қорғау.
Қазіргі таңда бөлімшелер заманауи зениттік-зымыран кешендерімен және радиолокациялық станциялармен жабдықталған. Бұл әуе кеңістігін үздіксіз бақылауға және ықтимал қауіптерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері үшін офицер кадрлар Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында даярланады. Әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігі халықаралық оқу-жаттығуларда бірнеше рет дәлелденген.
Соңғы жылдары әскер құрамында цифрлық технологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйелері белсенді енгізіліп келеді. Бұл жауынгерлік міндеттерді орындау тиімділігін арттыруға және бөлімшелердің өзара іс-қимылын жетілдіруге мүмкіндік беруде.
2025 жылы Қарағанды облысындағы "Сарышаған" полигонында өткен "Жауынгерлік достастық" халықаралық тактикалық оқу-жаттығуы барысында автоматтандырылған басқару жүйесі алғаш рет сынақтан өтіп, жоғары нәтиже көрсетті.
Бүгінде Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері Қазақстанның әуе шекарасын тәулік бойы күзетіп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды міндеттерін атқаруды жалғастырып келеді.