Биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау қызметтерінің бағасы бір жылда 21,3%-ға қымбаттады, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz порталына сілтеме жасап.
Республика бойынша бағаның ең жоғары өсуі Абай облысында тіркелді: +94,2%. Антилидерлер қатарында Қостанай (+64,4%), Батыс Қазақстан (+47,9%), Шығыс Қазақстан (+47,8%) облыстары мен Алматы қаласы (+42,8%) бар. Бағаның ең төменгі жылдық өсімі Ақмола облысында байқалды: +2,6%.
Жамбыл облысында ғана баға бір жыл ішінде өзгермеген. Ал, Павлодар, Алматы, Қарағанды және Ұлытау облыстарында баға төмендеді.
Осы жылы әуе көлігі кәсіпорындарының кірісі 53,9 млрд теңгеге жетті. Құндық мәндегі өсім бір жылда 2,6 есені құрады.
Жүктерді, багажды және жүк-багажды тасымалдаудан түскен табыс – 934,8 млн теңге, жолаушыларды тасымалдаудан түскен кіріс 53 млрд теңге болды.
Қаңтар айында әуе компаниялары 969,9 мың жолаушыны тасымалдаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 84%-ға көп. Ресурстың жазуынша, ең жоғары көрсеткіштер Алматы (601 мың жолаушы) және Шымкент (319,6 мың жолаушы) қалаларында тіркелді.
Жолаушылар айналымы 2 млрд пкм құрады. Бұл былтырғыға қарағанда 2,3 есеге көп.
2023 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша жүк пен багажды әуе көлігімен тасымалдау 1,9 мың тоннаны құраған. Алматыда ең жоғары көрсеткіш тіркелген: 1,1 мың тонна. Ал, жүк айналымы 3,9 млн ткм құрады.