Әуежайдан шыққан шетелдік турист бірден ақшаға құныққан такси жүргізушілеріне кезігеді

209

Елімізде көздің жауын алатын көрікті жерлер көп. 

Әуежайдан шыққан шетелдік турист бірден ақшаға құныққан такси жүргізушілеріне кезігеді Фото: Новое желтое такси

Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында ішкі туризмді дамытудағы кедергілерді атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Оның сөзінше, еліміздің туристік саласына тартылған инвестиция көлемі айтарлықтай арта түскен. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 53%-ға өсті.

"Десе де, кейбір өңірлерде инвестиция тарту деңгейі керісінше төмендеп кеткенін көріп отырмыз. Олардың қатарында Атырау, Қарағанды, Жетісу, Павлодар, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарын атап өтуге болады. Бұл өңірлер тарихи-мәдени мұраларға бай әрі көрікті жерлер де көп. Демек, әкімдіктерде бұл бағыттағы жұмысқа тиісті ықылас жоқ деген сөз. Мемлекет басшысы инфрақұрылымды кешенді түрде дамытып, сервис сапасын түбегейлі жақсартуды тапсырды. Өйткені, дәл осы проблемалар туризмнің дамуына тұсау болып отыр. Елімізде көздің жауын алатын көрікті жерлер көп. Бірақ оларға жетудің өзі бір мұң. Әзірге жағдайдың өзгеретін түрі байқалмайды. Мысалы, Шығыс Қазақстанды немесе Балқаш пен Алакөлді алып қарайтын болсақ, не сапалы жол жоқ, не аялдайтын арнайы тұрақтар мен кемпингтер қаралмаған", - деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектеновтің айтуынша, туристер күйі кеткен демалыс орындары мен ондағы санитариялық талаптарға сай келмейтін қолайсыз жағдайларға мойынсұнуға мәжбүр.

"Сонымен қатар нарықта бәсекенің болмауы қызмет көрсету бағасының қымбаттауына алып келеді. Бәсеке жоқ жерде, сервис сапасы да ақсай беретіні анық. Туристік бизнесте "демалуға қайтсе де келеді" деген қарабайыр түсінік қалыптасқан. Дәл осындай көзқарас еліміздің туристік имиджіне нұқсан келтіреді. Әуежайдан шыққан шетелдік турист бірден ақшаға құныққан такси жүргізушілеріне кезігеді. Олардың ойлағаны – қонақты баратын жеріне қауіпсіз жеткізу емес, барынша қомақты ақша алып қалу. Вокзалдар мен әуежайларда өркениетті көлік түрімен қамтамасыз ету туралы әкімдіктерге қанша рет тапсырылды, бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Біз мұндай тәсілдерді өзгертпейінше, сыртқы туризм кеңінен танымал болып қала береді", - деп жалғастырды ол.

Қазақстанның табиғаты мен әсем жерлері елімізде экологиялық, мәдени, зиярат ету және емдік-сауықтыру туризмін дамытуға зор мүмкіндік береді.

"Елімізде табиғи туристік аймақтар шалғай орналасқан, сондықтан шағын авиацияны дамыту өте өзекті. Кішігірім ұшақтар мен тікұшақтарға бетон жолақтар қажет емес, шағын инфрақұрылым салса жетіп жатыр. Мұндай техникамен Өскеменнен Қатонға немесе Рахман қайнарына тезірек жетуге болады. Бұл біздің табиғи және тарихи аймақтарымыздың әлеуетін арттырып, турлардың жаңа пулын қалыптастыруға ықпал етеді", - деді Премьер-Министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу