Ауғанстанда билік басындағы тәліптер дүйсенбі күні елді толықтай интернеттен ажыратып тастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
"Ауғанстанда тәліптер билігі мораль нормаларын енгізу барысында интернет толық ажыратылды. Таңертең көптеген желілер кезең-кезеңімен өшірілді. Бұл телефон байланысына да қатысты", – деп жазды NetBlocks Mastodon.social әлеуметтік желісінде.
BBC-ге сұхбат берген Кабул қаласының бірнеше тұрғыны жұмыс күнінің соңында оптикалық кабель арқылы интернеттің жұмысы тоқтатылғанын айтты. Ал халықаралық AFP ақпарат агенттігі ел астанасындағы бюросымен байланыс үзілгенін хабарлады.
"Ауғанстан интернетті өшіру жарысында Солтүстік Кореяны басып озды", – деді 1TV жаңалықтар арнасының бұрынғы бас редакторы Хамид Хайдари X желісінде.
Жалпы алғанда, 2021 жылы билікке келгеннен бері тәліптер өз заңдарын жүргізіп келеді. Бұған дейін университеттерде әйелдер жазған кітаптарды оқуға тыйым салынған болатын. Сондай-ақ 12 жастан асқан қыз балалар мен әйелдер үшін мектепке және басқа да білім беру түрлеріне баруға толық тыйым бар.