Ауғанстанның солтүстік-батысындағы Герат қаласында "Талибан" содырлары мен қарулы топ арасындағы қақтығыстар кезінде кем дегенде 17 адам ажал құшты. Олардың қатарында бейбіт тұрғындар бар, деп хабарлайды Inbusiness.kz Etilaat Roz газетіне сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, 24 қазанда қала көшелерінде түсте атыс басталып түнге дейін созылған. Зардап шеккендердің арасында жеті бала және үш әйел бар. Тағы бірнеше адам жарақат алып, жергілікті ауруханаға жеткізілді.
Бұл – тәліптер қаланы 12 тамызда бақылауға алғаннан бергі алғашқы қарулы қақтығыс. Бұған дейін Ауғанстанның Джелалабад қаласында жеңіл көлік мина қойылған жермен өткен бойда жарылып, салдарынан кішкентай бала көз жұмып, екі адам жарақат алды. Оқиға қаланың сегізінші ауданында орналасқан Бехсуд кварталында болды. Мина "Талибан" қозғалысының содырларына шабуыл жасау үшін қойылған.
Табиғат Нұрболат