Ауғанстандықтарды елден қашуға кедейлік мәжбүрлеп отыр – "Талибан"

976

Қозғалыс өкілі неліктен "Талибан" билікке келгеннен кейін ғана тұрғындардың бас сауғалап көшіп жатқанын түсіндіре алмады.

Ауғанстандықтарды елден қашуға кедейлік мәжбүрлеп отыр – "Талибан"

Ауғанстандықтар тәліптерден қорқып елден қашып жатқан жоқ, жер аудартуға оларды кедейшілік мәжбүрлеп отыр. Қазақстанда террористік ұйым деп танылған "Талибан" радикалды қозғалысының өкілі Сухейл Шахин осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Inbusiness.kz. 

"Олар батыс елдерінде өмір сүргісі келеді және бұл экономикалық көші-қонның бір түрі. Өйткені Ауғанстан – кедей ел, оның халқының 70%-ы –әлеуметтік осал топ. Сондықтан олар бақытты өмір сүру үшін батыс елдеріне қоныс аударғысы келеді. Оларды қорқыныш итермелеп жатқан жоқ", – деді Шахин.

Бірақ неліктен "Талибан" билікке келгеннен кейін ғана тұрғындардың бас сауғалап көшіп жатқанын ол түсіндіре алмады. 

Шахин сонымен қатар тәліптердің экс-шенеуніктерді қудалау, жергілікті тұрғындарға қоқан-лоққы көрсетілуі және қыздарға арналған мектептердің жабылуы туралы хабарламаларды жалған ақпарат деп атады.

"Талибан" содырлары АҚШ әскерлері Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін ел аумағын басып алып, 15 тамызда Кабулды бақылауына алды. Республика президенті Ашраф Ғани елден кетті. Қазір мемлекетті басқару міндеті уақытша кеңеске жүктелді, ол артынан бұл өкілеттікті тәліптерге тапсырады. Жаңа кеңестің құрамына ұлттық бітімгерлік жөніндегі жоғарғы кеңестің басшысы Абдулла Абдулла және бұрынғы президент Хамид Карзай енгізілді.

Табиғат Нұрболат

Фото: apnews.com

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу