Ауғанстанға гуманитарлық көмек беру мәселесі көтерілді

718

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанға халықаралық көмек көрсету хабын құруды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ауғанстанға гуманитарлық көмек беру мәселесі көтерілді

Оның айтуынша, әлемдегі қазіргі жағдай қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық тетіктерін жетілдіруді талап етеді.

"Біздің осы саладағы өзара іс-қимылымыздың негізгі бағыттары әскери ынтымақтастық тұжырымдамасында, әрі 2025 жылға дейінгі сыртқы шекарада қауіпсіздікті нығайту жөніндегі бағдарламада көрсетілген. Сондай-ақ терроризм, діни экстремизм, есірткі саудасына бірлесіп қарсы тұру мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Бұл қатерлер Ауғанстандағы жағдайға байланысты ерекше маңызды", – деді Тоқаев онлайн режимде өтіп жатқан ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан БҰҰ ұстанымын қолдайтынын атап өтті.

"Бұл елдегі қиын гуманитарлық жағдай халықаралық қоғамдастықтың назарында болуы керек. Біздің саяси көзқарасымыз бен жеке сеніміміз қандай болатынына қарамастан Ауғанстанды қиын кезеңде жалғыз қалдырмауымыз керек", – деді Президент.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету маңызды екенін, әрі Қазақстан тиісті көмек көрсетіп жатқанын жеткізді. 

"Осы жұмысты жүйелі жүргізу үшін Ауғанстанға халықаралық гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі логистикалық хаб құруды ұсынамыз. Дағдарыстың өткір кезеңін еңсергеннен кейін Ауғанстанға БҰҰ институттары тарапынан жүйелі қолдау қажет болатыны анық. Бұл маңызды міндетке Алматыда БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы бастамамыз жауап береді. ТМД елдері аталған жоспарды жүзеге асыруға көмектеседі деген үміттеміз", – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, 2022 жылы ТМД ұйымына Қазақстан төрағалық етеді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу