15 шілде, дүйсенбі күні түстен кейін Ауғанстанның шығысындағы Нангархар провинциясына жауған нөсер мен су тасқыны салдарынан кем дегенде 35 адам қаза тауып, тағы 250 адам жарақат алды. Бұл туралы Өңірлік ақпарат және мәдениет ведомствосының басшысы Куриши Бадлон хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, табиғи апат провинцияның әкімшілік орталығына, Желалабад қаласы, Сурхруд округі және басқа да көршілес аудандарға әсер етті.
Құрбан болғандар саны әлі де артуы мүмкін.
Осыған ұқсас табиғи апат бірнеше сағат бұрын Нангархармен көршілес Кунар провинциясында бес адамның өмірін қиды.
Мамыр айынан бастап Ауғанстандағы нөсер жаңбыр мен су тасқыны 400-ден астам адамның өліміне әкеліп соқтырды және тағы мыңдаған адам баспанасынан айырылды.