Аулада дүкен де, бизнес те болмайды

780

Тұрғындар құрылысқа қарсы тұрды.

Аулада дүкен де, бизнес те болмайды

Бұған дейін Павлодар қаласындағы Қайырбаев көшесі бойында орналасқан көпқабатты үйлердің тұрғындары "Бізге дүкен емес, ойын алаңы керек" деп, аулада сауда орнының салынуына наразылық білдіргенін жазған болатынбыз. Бір айдан астам уақытқа жалғасқан шиеленісті іске нүкте қойылды. Кәсіпкер құрылысты тоқтатып, "Үй жанындағы дүкен" аясында сауда орнын салмайтын болды. Ал аумағы шамамен 300 шаршы метр болатын жер учаскесі қалалық әкімдіктің коммуналдық меншігіне қайтарылып, кейін бұл жерде балаларға арналған ойын, спорт алаңдары салынады. Әу баста кәсіпкерге жер телімін берген "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрылысқа жұмсалған шығынды толығымен өтейді.

Бұл жағдай облыс орталығындағы аулаларда дүкеннің, басқа да бизнес нысандарының қажет емес екенін айқын аңғартты. Сондықтан осы жылдың қыркүйек айында қабылданған "Үй жанындағы бизнес" жобасы да жүзеге аспайтын болды.

"2017 жылы біздің корпорацияға ескі газгольдерлердің орны, яғни 64 жер учаскесі берілді. Оның 13-і былтыр сатылды. "Үй жанындағы дүкен" жобасы аясында бұл жерлерді игеру қиындық туғызып отырғанын байқаған соң, қалған 30-дан астам аула ішіндегі учаскеде бизнес нысандарын ашуды жоспарладық. Бірақ бұл жоба да сәтті жүзеге аспайтын сыңайлы. Сондықтан дүкен мен кәсіпкерлік орындарын ашудан бас тартып, жерлерді коммуналдық меншікке қайтарып береміз", – дейді "Павлодар" ӘКК басқарма төрағасы Мейрам Өтешов.

Бүгінде 37 жер учаскесі қалалық әкімдікке қайта тапсырылды. Тағы үш ауладағы жерді қайтаруға қатысты құжаттар әзірленуде. Кейін бұл жерде ненің бой көтеретінін жергілікті әкімдік шешеді. Тұрғындар бірауыздан балалардың ойын, спорт алаңдары, автокөлік тұрағы мен иттерді қыдыртатын жер керек екенін айтып отыр.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу