Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжанов арнайы экономикалық аймаққа барып, бірнеше зауыттың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алғашқы нысан – "Арселор Миттал Ақтау" зауыты. Өндіріс орны 2006 жылы іске қосылған. Бүгінде 174 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. "Арселор Миттал Ақтау" зауыты мұнай-газ саласы, магистралды су, жылу жүйелеріне болат құбырлар жасаумен айналысады. Кәсіпорында 3 цех жұмыс жасап тұр. Жақында ашылатын 4-ші цехтің ерекшелігі – 12 метрлік екі құбырды дәнекерлеп бір ұзын құбыр жасау. Сөйтіп, жұмысты екі есе жеңілдетеді. Зауыт өнімдерін еліміздің Алматы, Шығыс-Қазақстан, Ақмола сияқты облыстарына және Өзбекістан,Әзірбайжан, Украина елдеріне экспорттайды.
Жұмыс сапары аясында Ералы Тоғжанов құрылысы жүріп жатқан көкөніс сақтау қоймасына барды. Болашақта мұнда картоп сақталады. Қойма толықтай автоматтандырылып, шетел қондырғыларымен жабдықталған. Қойма құрылысы 2016 жылдың 25 қараша айында басталған. Қолданысқа осы жылдың 1 қазанында беріледі. Құрылыс кезінде 30-ға жуық адам, ал қойма іске қосылғаннан кейін 3-4 адам тұрақты еңбекпен қамтылады. Қойманы салып жатқан кәсіпкер "КазАгроҚаржы" АҚ арқылы 110 млн теңгені 6 пайызбен 7 жылға алған. Аумағы – 3 гектар. Болашақта 3 қойма іске қосылады. Әзірге тек 1 қойма берілуге жақын. Қойманың ауданы 1600 метр кв. Мұнда көкөністер 2,5-4 градуста сақталады. Көкөніс сақтау қоймасы Голландия елінің технологиясы бойынша салынып жатыр.
Айта кетейік, бұл Маңғыстау облысындағы алғашқы көкөніс сақтау қоймасы болмақ. Енді жаңа үлгідегі көкөніс сақтайтын қойма картоптың сапасын жоғалтпай, бағасын да тұрақты ұстайды. Демек, маусымаралық кезеңде облыс тұрғындары сапалы әрі арзан картоппен қамтамасыз етіледі.