Ауру астан: Қазақстанға келетін азық-түліктер дұрыс тексерілмейді

330

Ресейге азық-түлік жіберу қиямет-қайым.

Ауру астан: Қазақстанға келетін азық-түліктер дұрыс тексерілмейді Фото: Inbusiness.kz

Сатып алып жүрген азық-түлігіміз ауруға шалдықтыруы мүмкін. Себебі, елімізге сырттан келетін өнімдер дұрыс тексерілмейді. Осылай деген Сенат төрағасы импорттық өнімдерді сынға алды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, отандық кәсіпкерлердің шетелге жіберетін азық-түлік тауарлары жарты айға жуық толық тексерістен өтеді. Ал сіз бен біз жеп жүрген өнімдерге шекарамызға кірерде ветеринарлық тіпті санитарлық қадағалау дұрыс жүргізілмейтін көрінеді.

Қазақстандық кәсіпкерлерге Ресейге азық-түлік жіберу қиямет-қайым. Қазір көршіміз бізде өндірілген өнімді баяғыдай шекарасынан оңай кіргізе салмайды. Отандық кәсіпкерлер тауарын жөнелту үшін кемі 15-20 күндей жүріп, тексерістен өтеді. Сапасы сақталған, құрамында зиянды заттардың жоқ екеніне көзін жеткізген жағдайда ғана қабылдайды. Ал біз ше?

"Кәсіпкерлермен болған кездесудің бірінде олар Ресейге өнімдерін жіберу үшін санитариялық, ветеринариялық, фитосанитарлық секілді түрлі тексерістен өтетінін айтты. Ал бізге келетін тауарлар неге өз деңгейінде, дұрыс тексерілмейді? Өнім өндірушілер тауарларын сату үшін небір қоспалар, небір дәрілерді пайдалануы мүмкін. Егер осы салаға жауапты органдар өз жұмысын тиісті деңгейде орындамайтын болса, шара қолдануымыз қажет", - деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Салаға жауапты Сауда министрі спикердің сөзін растайды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл шекара маңындағы өңірлерді тексеруді бастаймыз, деп сендірді.

"Былтыр біз бұл істі орталықтандырып, алгоритмдерін реттеумен айналыссақ, биыл сол өңірлер бойынша жұмыс басталады. Әсіресе, шекарада орналасқан елді мекендерге арнайы шығып, тексеріс жүргіземіз. Онда біз шекара әкімшілігі мемлекет құзыреті шеңберінде жұмыс істеп жатыр ма, жоқ па, тексереміз. Сіз айтқан кедергілер бар екені рас. Оны реттеу үшін нақты алгоритм бойынша жұмыс жүргізуіміз керек. Біз бұл мәселені шешуді өз қолымызға аламыз", - деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Сенат отырысынан кейін журналистерге брифинг берген министр Қазақстан Ресейге санкция салынған тауарлар тасымалдап отыр деген сауалға жауап берді. Мұндай пікірді былтыр бас қалаға келген Еуропалық Одақтың өкілі білдірген еді. Дэвид О'Салливан еліміз санкция салынған бірқатар тауардың реэкспортын ұлғайтқанын айтқан.

"Керісінше, қазір белгілі бір тауар тобын жеткізу динамикасы төмендеп жатыр. Бұған назар аударылды. Қаржы министрлігі мен Индустрия министрлігінде республикалық деңгейде арнайы комиссия жұмыс істейді. Қазақстан экспорттық бақылауға қатысты халықаралық міндеттемесін тиісінше орындап отыр. Барлығы біздің міндеттемеміз бен келісімге байланысты. Біз міндеттемемізді бұзып отырған жоқпыз", - деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Сондай-ақ тілшілер министрге саудагерлердің тағы бір арызын жеткізді. Кәсіпкерлер ірі сауда орындарына өнімдерін өткізе алмайтынын айтқан. Себебі, ол жақта бөтен кәсіпкерлерді "базар мафиясы" жолатпайды екен. Алайда Арман Шаққалиев бұл пікірде де теріске шығарды. Ондай факті анықталған жағдайда, тәртіпке саламыз, деп сендірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу