Аурухана мен емхана қызметін бағалауға арналған мобильді қосымша әзірленді

1489

Аурухана мен емхана қызметін бағалауға арналған мобильді қосымша әзірленді

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ аурухана мен емхана қызметін бағалауға арналған мобильді қосымша әзірлеп шықты. "МСҚ: Халықтық бақылау" деп аталатын қосымшаны 6 қарашадан бастап жүктеп алуға болады, деп хабарлайды қордың жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаменті.

Медициналық қызметтерді пайдаланушылар осы қосымшаның көмегімен  МСҚ дерекқорына енген барлық емдеу ұйымдары туралы пікір білдіріп, шағым жаза алады. Болашақта осы тілек-шағымдар негізінде клиникалардың рейтингі жасалуға тиіс. Бұл азаматтардың ең үздік деген клиникалар мен емханаларды таңдауына мүмкіндік бермек.
"Қосымша бірден бірнеше мәселені шешіп береді. Біріншіден, азаматтармен жедел түрде кері байланыс орнатудың тағы бір арнасы ашылады. Бұл емделушілер үшін клиника таңдау мәселесін едәуір жеңілдетері сөзсіз. Екіншіден, қор серіктес-ұйымдардағы қызмет көрсету сапасы мен пациенттердің қанағаттану деңгейі жайлы қосымша мәлімет алып отырады", - дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарушы директоры  Забира Оразалиева.
Денсаулық сақтау нысандарының рейтингі пайдаланушылар қойған баға негізінде, автоматты түрде жасалады. Содан соң МСҚ-ның fms.kz сайтында жарияланып отырады.

"Мобильді қосымшаны телефонына орнатып алған азаматтар бұл рейтингті емханаға тіркелгенде немесе сала мамандарын таңдаған кезде пайдалана алады. Түптеп келгенде, мұның бәрі медицина ұйымдарын қызмет сапасын көтеруге ынталандырады деген үмітіміз бар", - дейді Забира Оразалиева.
"Қосымшаны пайдалану үшін алдымен ЖСН енгізіп, тіркелу жасау қажет. Болашақта біз оны жаңа функциялармен және сервис түрлерімен толықтыруды жоспарлап отырмыз. Қосымшаны сынақтан өткізіп, ұсыныстар мен тілектеріңізді жолдаңыздар. Біз азаматтардың пікірлерін ескеруге дайынбыз", - дейді қордың IT стратегия және тәуекелдерді басқару жөніндегі басқарушы директоры Абай Дүйсенев.
"Халықтық бақылау" қосымшасын Android платформасына негізделген смартфондарға Playmarket арқылы, ал, iOS платформасы үшін AppStore арқылы жүктеп алуға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу