Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасында екі жасар баланың анасы мен дәрігер арасында жанжал шықты. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарап, полиция тексеру жұмыстарын бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы 31 мамырда екі жасар бала жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер тексеруден кейін баланы ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылдап, заңды өкілінің келісімін рәсімдеу үшін күткен.
Белгілі болғандай, ауруханаға түскен кезде баланың жанында кәмелетке толмаған әпкесі болған. Кейін анасы келген соң, оның және дәрігердің арасында түсініспеушілік туындап, арты жанжалға ұласқан.
Басқарма өкілдері медицина қызметкерлері қолданыстағы талаптарға сәйкес әрекет етіп, балаға қажетті медициналық көмекті толық көлемде көрсеткенін мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, бұл дерек бойынша Алатау аудандық полиция басқармасына қарасты бөлім тексеру жүргізіп жатыр. Қазір екі тарап та полицияға арыз түсірген.
"Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерттеледі. Әр тараптың әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі", – деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.