Ауруханада жатқан 650-ден астам адам дауыс берді

997

Олардың қатарында бүгін босанғандар да бар.

Ауруханада жатқан 650-ден астам адам дауыс берді

Павлодар облысының ауруханаларында ем қабылдап жатқан 650-ден астам адам бүгін өз таңдауын жасады. Олар үшін медициналық мекемелердің ішінде 18 сайлау учаскесі ашылды. Жергілікті денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ең көп сайлаушы - 187 адам Екібастұз қалалық ауруханасында тіркелген. Сондай-ақ, облыстық туберкулезге қарсы диспансер мен Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада дауыс бергендер көп. Олардың басым бөлігі - коронавирустық инфекция мен пневмонияға шалдыққандар.

"Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттарын бүгін босанған келіншектер таңдады. Мысалы, Баянауыл ауданының 24 жасар тұрғыны салмағы 3690 келі болатын ұл баланы дүниеге әкелді. Есімін Мұса деп қойды. Салмағы 3468 келі болып туған Сұлтан есімді нәрестенің анасы да перзентханада дауыс берді", - дейді денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

Темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатқандар да саяси науқаннан шет қалмады. Павлодардағы АП-162/1 мекемесіндегі 200-ден астам сотталушы түрме ішінде ашылған №120 сайлау учаскесінде партияларды таңдады. Арнайы есепке алу бөлімінің мамандары оларды құжатпен қамту бойынша жұмыс жүргізіп, 27 сотталушының жеке куәлігі қалпына келтірілді. Сол арқылы олар дауыс беру құқығын иеленді. Олардың қатарында бірінші рет сайлауға қатысқан 19 жасар Александр да бар.

"Мен бүгін бірінші рет дауыс бердім. Жабық мекемеде болсам да Қазақстанның азаматы ретінде өз таңдауымды жасау мүмкіндігін пайдаланғаныма қуаныштымын", - дейді ол.

АП-162/1 мекемесінің бастығы Әділхан Қапышевтың айтуынша, әр камерадағы сотталушыларды жеке-жеке сайлау учаскесіне әкелген. Оларға медициналық маскалар, қолғап пен қалам берілді. Дауыс берудің барысын бақылаушылар қадағалады.

Айта кетейік, Павлодар облысында барлығы 532 сайлау учаскесі ашылды. Олардың 511-і – ашық, қалғаны – жабық. Яғни, 21 сайлау учаскесі аурухана, әскери бөлім, уақытша ұстау изоляторы сынды мекемелерде құрылды. ҚР Орталық сайлау комитетінің 16.00-дегі мәліметіне сүйенсек, аймақ тұрғындарының 57,8%-ы дауыс беріп үлгерді.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу