Жамбыл облысында аудандық аурухананың бар нәжіс суы ашықтан-ашық далаға төгіліп жатыр. Өйткені 40 жылғы құбыры бітеліп, сасық суы сыртқа тасыған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Тіпті сарқынды су өзенге де құйылды дейді қараша. Жұрт аурухананың қалдығы енді жерасты суына сіңіп, ауру тарай ма деп алаң да алаң. Ал бүгін өңірге барған экология министрі мәселені естіп, тіптен аң-таң.
Меркі аудандық ауруханасы қазір күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Былтыр басталған жұмыс ай соңында аяқталуы тиіс. Бұған қазынадан 560 млн теңге бөлінген. Қызығы шатыры мен әрлеуіне қаржы қаралса да, 40 жылғы кәріз құбырын жаңғырту ісі жобаға енбей қалған. Бұқара бұл бюджет сомасын сағызша созудың амалы ма деп күдіктенеді. Ал аурухананың сүзу алаңдары қазір аузы-мұрнына толып тұр. Құбыры толған қоқыс.
Далаға аққан аурухананың нәжіс суы жұртқа бас уайым. Түрлі дерт дендей ме деп қапа. Сайға аққан сасық суды аурухана басшылығы бар болғаны "қауіпті" деген лентамен қоршай салған. Кей люктің беті айқара ашық. Аудандық аурухана да сүзу алаңдарының тозып-біткенін мойындап отыр. Бірақ амал жоқ, төгеді. Алайда мемлекеттік конкурс жасалып, мердігері анықталып қойыпты. Талай жыл тұрғындарды сорлатқан іс енді небәрі 30 күнде реттелмек.
"Кәріз жүйесінің қазіргі таңда ескіргенін білеміз. Ол мәселе бар! Сондықтан біз қазір фильтрационный алаңға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасайын деп жатырмыз. Аймақты фильтрационный алаңның жан-жағын қоршап, қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз", - дейді Меркі аудандық ауруханасының бас дәрігері Мейрамбек Дәрменов.
Жөндеу сметасын аурухана басшылығы жасатқан. Ал жөндеуіне тендерді ойнатқан - құрылыс басқармасы. Олар құжатта кәріз желілерін жаңғырту ісі қаралмаған деп ашығын айтты. Жалпы Меркі ауданында орталықтандырылған кәріз жүйесі қазір атымен жоқ. Бірақ 2025 жылға дейінгі даму картасына енген. Аудандық әкімдік өкілдерінің айтуынша, жұмыстың күні бүгінгі дейін тұралап тұруына қаржы қолбайлау көрінеді.
"Бәрі айналып келген кезде қаражаттың тапшылығына байланысты. Мемлекеттік сатып алу амалдарының жүргізілуіне байланысты болып тұратын оқиға", - дейді Меркі ауданы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Нәрікбаев.
Меркідегі жағдай жыл басында Жамбыл ауданында да тіркелген. Мұнда да аурухананың шайынды суы тоғанға барып құйған-ды. Бүгін аймаққа келген еліміздің бас экологына проблеманы қозғадық. Министр мәселені естіп, аң-таң.
"Бүгін естіп отырмыз ғой. Мен осы жиыннан шыққан соң, осындағы экология департаментіне тапсырма беремін. Сосын біз шешім қабылдаймыз. Әкімшілік құқықтық заң бойынша айыппұл салынады", - деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Рас. Кей облыстар қазір қалдық суды құр тұндырма бассейнге төгіп, мәселені жылы жауып келеді. Бұған ресми статистика дәлел. Мәселен елде 89 қала болса, бүгінде 27-де кәріз-тазарту жүйесі атымен жоқ. 41 шаһарда тозу деңгейі 60 пайыздан асқан.