The Guardian басылымының дерегінше, кемені жасаған компания оны әлемдегі ең үлкен электрокеме деп атауда.
Жаңалық электрлі көлік пен жасыл энергия технологияларын дамытудағы маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр.
Incat компаниясы жасаған Hull 096 кемесінің ұзындығы 130 метрді құрайды. Кеме жобасы 2 100 жолаушы мен 225 көлікті тасымалдауға арналған.
Кеменің тек аккумулятордан алынатын электр энергиясымен жұмыс істейтіні атап өтілді. Салмағы 250 тонна болатын аккумуляторлардың орнатылған қуаты 40 мегаватт-сағаттан асады.
"Hull 096 ірі көлемді, бірақ шығыны аз көліктердің болуы мүмкін ғана емес, дәл қазір бар екенін дәлелдейді", – деді Incat компаниясының бас директоры Стивен Кейси.
БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының мәліметінше, әлемде жылдық көмірқышқыл газы шығарындыларының 3%-ы теңіз тасымалы саласына тиесілі.
Жаңа Hull 096 кемесі Оңтүстік Америкаға аттанып, Аргентина мен Уругвай арасында жолаушыларды тасымалдайтын болады.