Аустралияда улы өрмекшілердің жаңа түрі табылды

Қауіпті жәндіктер Сиднейде және қаладан 160 шақырым радиуста кездеседі. 

Аустралияда улы өрмекшілердің жаңа түрі табылды Фото: Риа новости

Бұл туралы қаладағы ұлттық мұражай мен Ньюкасл университетінің мәлімдемесінде хабарланған, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Өрмекшінің бұл түрі – континенттің ең қауіпті омыртқасыздарының бірі әрі Сидней шұңқырлы өрмекшілер тобына кіреді. Улы жәндік ірілігімен және мықты уымен ерекшеленеді. 

Ньюкасл университетінің клиникалық токсикология кафедрасының меңгерушісі Джефф Исбистердің сөзінше, өлімге әкелетін өрмекшілер шамамен 20 жыл бұрын алғаш көзге түскен. 

– Негізі бұл өрмекшілер бұрыннан осында болған, бірақ олардың басқаларға қарағанда ерекше екенін енді ғана түсіндік. Дегенмен қолда бар антидот оның уына қарсы тұра алатыны қуантады, – дейді ол.

Дереккөздер 1927 жылдан 1981 жылға дейін аталған өрмекшілердің шағуынан 13 адам қайтыс болғанын нақтылайды. Десе де 1981 жылы жәндіктің уынан жасалған антидот алынған, содан бері өлім фактісі тіркелмеген. 

Жаңа түрді сипаттау үшін ғалымдар жақында алынған жүздеген өрмекшінің ДНҚ-сын өткен ғасырдың басындағы өрмекшілермен салыстырған. 

– Бұл өрмекшілер осы түрдегі басқалармен салыстырғанда өте үлкен, сонымен қатар оларды ерекшелейтін бірқатар сипаттамасы бар екеніне назар аудардық, – дейді зертхана қызметкері.

Өрмекшінің жаңа түрі, яғни ірі өкілі 2025 жылдың басында Сидней бауырымен жорғалаушылар саябағына жеткізілгені хабарланды. Дене ұзындығы рекордтық 9,2 сантиметр болатын өрмекшіге аустралиялық актер Крис Хемсворттың есімі беріліп отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу