Аустралияда коронавирусқа қарсы вакцина 2021 жылы шығарылады. Бұл туралы елдің премьер-министрі Скотт Моррисон мәлім етті. Оның сөзінше егер препарат сынақтан сәтті өтсе, вакцина жергілікті халыққа тегін ектіріледі.
Бұған дейін үкімет британ-швед фармацевтикалық компаниясымен вакцина өндірісі мен оның жеткізілімі туралы ортақ келісімге келген болатын. Бұл компания қазір Оксфорд университетінің ғалымдары және Квинсленд штатының университетімен бірлесе препарат жасаумен айналысып жатыр. Ресми дерек бойынша, тараптар құны 1,2 млрд доллар болатын келісімге қол қойған.
Келесі жылы Аустралияда 80 миллион вакцина шығарылады деп жоспарланып отыр. 3,8 миллион данасы 2021 жылдың басында елге әкелінеді. Денсаулық сақтау министрі Грег Хант екпе міндеттелмейді, әр тұрғын одан бас тартуға құқылы дегенді айтты.
Табиғат Нұрболат