Аустриядағы биатлоншылармызға қатысты жанжал алдағы уақытта сабақ болады. Бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысынан кейін ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осылай айтты, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
"Сынама Аустрияда алынды және алғашқы нәтижелері теріс болған. Яғни, олар (спортшылар) таза деген сөз. Ол жерде белгілі бір техникалық қателіктерге жол берілген. Бұл алдағы уақытта дәрігерлеріміз өздерінің міндеттемелеріне барынша мұқият қарауы үшін бізге сабақ болды", – деді Мұхамедиұлы.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Хохфильценде австриялық полиция биатлоннан Қазақстан құрамасы тұрып жатқан жерді тінтіп, көптеген медициналық құрылғылар мен тыйым салынған фармакологиялық дәрі-дәрмектер тапқанын хабарлаған болатынбыз. Қазақстан биатлон федерациясының бас хатшысы Манас Үсеновтің айтуынша, Аустрияның федералды полициясы осы елде табылған дәрі-дәрмектердің Қазақстанның биатлон құрамасына тиесілі екендігі тексеріліп жатқандығын хабарлаған. Қазіргі таңда олардың тыйым салынған дәрілер екендігін айту әзірге ерте. "Аустрия федералдық полициясы баспасөз мәслихатында мәлімдегендей, Антхольц маңында медициналық дәрі-дәрмектердің қалдықтары бар қораптар табылған. Дәл сол жерден Қазақстан құрамасы дәрігерінің аккредитациясы табылды. Кеше қонақ үйде біздің команданы тінтіді. Дәрігердің медициналық дәрі-дәрмектері тәркіленді. Бірақ, бізде барлық дәрі-дәрмектердің рұқсаты бар. Сондай-ақ, полиция қазіргі таңда табылған заттардың тексеріліп жатқандығын мәлімдеді. Олардың тыйым салынғандығы немесе жоқтығын, сараптама көрсетеді. Біздің команда допинг және ДНК тестін тапсырды. Енді сараптама нәтижесін күтудеміз. Аустрияның допинг агенттігі қораптарда табылған дәрі-дәрмектердің сараптамасын алды. Қазіргі таңда нәтижесі туралы ақпаратты күтеміз", - деді ҚР Биатлон федерациясының бас хатшысы.