"Аутизмі бар балаларды өлтіру керек" деп көпшілікті ашық түрде қылмысқа шақырған блогер кешірім сұрады

Ол ауыр сөз айтқанын айтып ақталды. 

"Аутизмі бар балаларды өлтіру керек" деп көпшілікті ашық түрде қылмысқа шақырған блогер кешірім сұрады Фото: tengrinews.kz

Бұған дейін әлеуметтік желіде 80 мыңнан аса оқырманы бар блогер Райхан Жұмамұратова айды аспаннан бір-ақ шығарып, өте шулы мәлімдеме жасаған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның жазбаға жазылған пікірі ақпараттық агенттіктер мен әлеуметтік желілерге кеңінен тарап кетті. Бірақ, кейіннен блогердің парақшасы жойылды немесе басқа атауға ие болды. 

– Аутизмі бар бала көшеде не істеп жүр? Оның ата-анасын жазалау керек. Қазір аутизм тым көбейіп кетті, оны емдеу қажет, ал емделмесе өлтіру керек. Немесе мұндай балаларға бөлек аурухана ашсын! – деп желі қолданушыларын ашық сұмдық іс-әрекетке шақырған еді. 

"Аутизм Қазақстан" қауымдастығы мен Ішкі істер министрлігі мұндай пікірге бейжай қарай алмады. Ал әлеуметтік желі қолданушылары оны жерден алып, жерге салып жатыр. 

– Бұл факті бойынша Алматы қаласы Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Блогердің жеке басы анықталды, – деп хабарлаған болатын ІІМ.

Көп ұзамай блогер қатты қателескенін айтып, аутист балалардың ата-анасынан кешірім сұрады. 

– Мен аутизімі бар балалардың ата-аналарының жүрегіне тиеді деген арам оймен айтпадым. Эмоцияға беріліп, ашумен жазып қойдым. Бәрі бала асырап отырғандықтан, мұндай пікір жүрекке қатты батады екен. Ауыр айтқаным үшін аутист балалардың ата-анасынан кешірім сұраймын. Мен жаман оймен айтпадым, – деп ағынан жарылды ол. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу