Ауыл әкімдерінің сайлауын 40 күн бұрын жариялау ұсынылды

1293

Мәжілісте Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды таныстырды.  

Ауыл әкімдерінің сайлауын 40 күн бұрын жариялау ұсынылды

Қолданыстағы құжаттың еліміздегі саяси жаңғыруларға байланысты жаңартылатыны бұған дейін өткен мәжілістің жалпы отырыстарының бірінде айтылған болатын деп хабарлайды inbussines.kz тілшісі.

Заң жобасының жаңа нұсқасы мақұлданса, "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға жергілікті әкімдерді тікелей сайлауды тағайындау, кандидаттарға қойылатын талап, кандидаттарды ұсыну тәртібі, өзін-өзі ұсынған кандиттарды қолдау үшін қол жинау тәртібі, кандидаттарды тіркеу, сайлау кезіндегі дауыстарды санау, сайлау қорытындысын белгілеу және жариялау тәртібі, сайлау өткеннен кейін сайланған әкімді тіркеу бойынша түзету енеді.

Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігі "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға 67 түзету ұсынды.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, заң жобасының жаңа нормасына сәйкес, ауыл әкімі лауазымына кандидаттарға қойылатын негізгі талап – жасы 25-тен асқан Қазақстан Республикасының азаматы әрі сотталмаған болуы керек. Ал біліктілік талаптарына сәйкестігін арнайы тексеру анықтайды.

"Заң жобасы бойынша ауыл әкіміне үміткерді мынадай тәсілдер арқылы ұсынуға болады: саяси партиялар өз мүшелерінің арасынан ұсынады немесе өз-өзін ұсыну жолымен. Өзін-өзі ұсыну үшін тиісті округтегі сайлаушылардың жалпы санының кем дегенде 1 пайызының қолын жинау керек", – деді Әлішер Әбдіқадіров.

Сөз арасында ол ауыл әкімдерінің сайлауын 40 күн бұрын жариялау бастамасын көтерді.

"Сайлаудың өзі іс басындағы әкімнің өкілеті аяқталғанға 10 күн қалғанда өтуге тиіс. Кандидаттарды тіркеу сайлау жарияланған күннің ертеңінде басталып, сайлау күніне 15 күн қалғанда аяқталады. Яғни, үміткер ұсыну мерзімі 14 күнге дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде үміткер тіркелуге қажетті құжаттарды жинап үлгеруге тиіс. Кандидаттарды тіркеу сайлау күніне 10 күн қалғанда аяқталады. Бұл кезеңде аумақтық сайлау комиссиясы ұсынылған құжаттардың растығын тексереді",– деді вице-министр. 

Біле жүріңіз, Конституциялық заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы қыркүйектегі жолдауын, сондай-ақ парламент сессиясының ашылуында берілген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу