Павлодардағы Лебяжі ауданы Шәмші ауылының үш азаматы бірігіп, ауыл мектебіне компьютер сатып алуға 300 мың теңгенің сертификатын табыстады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Кезінде 400-ден аса тұрғыны бар аталмыш ауылда қазір 200-дей ғана адам тұрады. Ауылдағы бастауыш мектепте 21 оқушы білім алады. Осы бастауыш мектепке ауыл азаматтары бірігіп, компьютер алып берді.
Осы елді мекеннің ақсақалдары осыдан екі жыл бұрын бас қосып, ауылдарын көркейту үшін, сенбілік ұйымдастырды. Кезінде ауылдан алыс-жақын қалаларға көшіп кеткен азаматтар жаппай сенбілікке бір кісідей жиналды. Олар туған ауылдарын абаттандыруға кірісті. Ауыл азаматтары қаржылай қаражат жинап, өз күштерімен саябақ ашпақ. Сенбілікте оның орнын дайындап, айналасын қоршауды бастады. Енді бір аптадан кейін ол жерге 100 түп ағаш отырғызылмақ. Одан бөлек, тұрғындар көшелерді күл-қоқыстан тазартты. Бір қызығарлығы, осы шаруаларды атқаруға алыстан ауылдың жасы да, жасамысы да келіпті.