Хромтау мен Әйтеке би аудандарының аумағында 2 мыңнан аса көлік тұр. Олардың көбінің сапарларын жалғастыра алмай тұрғанына 3 тәуліктен асқан. Ас-сулары таусылған. Сондықтан сол маңдағы ауыл тұрғындары қазан көтеріп, ыстық тағамдар дайындап жатыр. Алғашқылардың бірі болып Бекқұл баба ауылының жастары жолда тұрғандарға тамақ таратты.
"Біздің ауыл үлкен жолдың бойында орналасқан. Кешегі боранда жол бойында көліктер шоғыры пайда болды. Арасында шет елдерден келе жатқан көлік жүргізушілері көп. Сондықтан біз қазақ халқына тән мейірбандылық қасиетімізді көрсетіп, осындай бастама көтердік. Бұл бәріміздің басымызда болатын жағдай. Біз де көлікпен жүреміз, сапарға шығамыз. Сондықтан, жақсылық айналып өзіңе келеді. Бастысы – адамдардың алғысына ие болдық", - дейді ауыл тұрғыны Еркін Нұртайұлы.
Жолда тұрған көлік жүргізушілерінің көбі 3 тәуліктен бері кемпингтер мен елді мекендерге бармағандықтан, азық-түлікке мұқтаж. Сондықтан Ырғыз ауылының тұрғындары да мал сойып, кемпинг жанына жиналған жүк көліктерінің жүргізушілеріне ас берді. Мұндай игілікті істен Әйтеке би ауданының жастары да қалыс қалмады. Жолаушылар тасымалымен айналысатын Мұрат Әлқуатов бастаған жігіттер бастама көтеріп, тұрғындардан 300 мың теңге қаржы жиналды.
"Қасымыздағы бауырларымызбен бірге ұйымдасып, жолда қалған кісілерге көмек көрсетейік деп шештік. Жиналған қаржыға азық-түлік алып, Жүргенов ауылында тұрған көліктердің жүргізушілері мен жолаушыларына таратып келдік. Одан кейін Қарабұтақ ауылына барып, сол жерде тұрғандарға да көмек қолын создық. Мешітте ас бердік. Қолдау көрсеткен барша жерлестерімізге алығыс айтамын!",- дейді Мұрат Әлқуатов.
Мұрат бастаған азаматтардың игі ісіне ауыл кәсіпкерлері де үн қосты. Олар нанды ақысыз таратқан. Ауылдағы дәмханалардың бірінде жолаушыларға тегін ас берілді.