Вице-премьер бірінші кезекте облыстық көпсалалы аурухананы аралады. Медицина мекемесінің жай-күйін көзімен көріп шыққан соң, 200 орындық перинаталдық орталық салу мәселесін талқылады. Ол Президенттің тапсырмасы бойынша өңірлерде салынатын 12 нысанның бірі болмақ. Келешекте жаңа көпсалалы аурухана салу мәселесі Денсаулық сақтау министрлігінде қаралмақ.
"Үкімет еліміздің медиина мекемелерін нығайту, жаңғырту, заманауи жабдықтармен жарақтандыру бағытында жұмыс істеп жатыр. "Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2023-2024 жылдары шалғай ауылдарда дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер салу жоспарда", - деп атап өтті А.Көлгінов.
Сондай-ақ вице-премьер Қостанай қаласындағы "Береке" шағын ауданында салынып жатқан 980 оқушыға арналған жаңа мектепке де барды. Оның құрылысын аяқтау үшін Қарабалық ауданы Гурьяновка ауылындағы мектептер сияқты қосымша қаражат бөлу қажет. Бұл екі нысанның құрылысын мерзімінде аяқтау жоспарлануда. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Қостанай облысында 2026 жылға дейін 15 мың оқушыға арналған екі ауысымда оқитын 9 мектеп салу жоспарланып отыр.
Премьер-министрдің орынбасары Қостанай жоғары политехникалық колледжіне де бас сұқты. Мұнда машина жасау, энергетика, аграрлық салалар бойынша мамандар даярланады. Қазіргі таңда колледжде 1200-ге жуық студент оқиды. Әкімдік жеке инвестор тарта отырып, МЖӘ қағидатымен 500 орындық жатақхана салу мәселесін қолға алған. А.Көлгінов "Жас маман" республикалық жобасы аясында жаңартылған зертханалар мен шеберханаларды да аралап шықты.
Жобаның арқасында еліміздің 180 колледжі заманауи оқу жабдықтарымен қамтамасыз етіліп, оларға жаңа білім беру бағдарламалары енгізілген. Екі мың педагог біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Жалпы, "Жас маман" бағдарламасы аясында жаңғыртылған оқу орындарында 30 мыңнан астам студент оқиды.
Аймақтағы сапар барысында Премьер-Министрдің орынбасары Қостанай ауданы Жуков ауылының тұрғындарымен кездесті. Онда 2,5% жеңілдікпен несие беретін "Ауыл Аманаты" жобасын іске асыруды талқылады.