ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызы мұғалімдер қанша теңге жалақы алатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты baq.kz-ке сілтеме жасап.
"Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданғаннан кейін мұғалімдердің жалақысын екі есе көтеруден бастап, олардың мәртебесін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілді. Сонымен қатар магистр дәрежесі, біліктілік санаты (шебер, зерттеуші, сарапшы, модератор), еңбек өтілі, жұмыс көлемі (тарифтеу), еңбек жағдайлары сияқты факторларға байланысты түрлі үстемақылар мен қосымша төлемдер енгізілді. Бұған қоса, шәкірттері білім додаларында үздік шыққан мұғалімдерді марапаттау, мемлекеттік наградаларға ұсыну мүмкіндіктері де қарастырылды. Мысалы, өткен жылы 89 педагог мемлекет тарапынан 3,6 млн теңге (1000 АЕК) көлемінде сыйақы алды. Бұл марапатқа Еңбек ерлері, Еңбек сіңірген ұстаздар және “Үздік педагог” байқауының жеңімпаздары ие болды", – деп түсіндірді Мереке Амангелдіқызы.
Оның айтуынша, былтыр қала мұғалімдері 352 мың теңге алса, ауыл мұғалімдері 435 мың теңге жалақы алған.
"Ашық дереккөздерге сәйкес, бұл Қырғызстандағы әріптестерінен шамамен 9 есе, Ресейден 3 есе жоғары. Егер мұғалімнің кәсібі беделді болмаса, кадр тапшылығын жою мүмкін болмас еді. Өткен жылдың басында елімізде 1700 педагог жетіспеді, бірақ қыркүйекке қарай 8 мыңнан астам жас маман өз мамандығына қайта оралып, Қазақстан мұғалімдерінің қатарын толықтырды", – деп қорытындылады ол.