Орталықтың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, "Болашақ" стипендиаты Оңтүстік Калифорния университетінде білім саласындағы басқаруды зерттейді.
"Ата-анамның жолын қуып, ұстаз болсам деген арман пайда болды. Ауыл мектебінде математикадан сабақ беремін, көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға ағылшын тілін тегін үйретемін. Өзім де ауыл мектебін бітірдім. Шетелде оқуға мүмкіндігім болады деп ойламаппын. "Болашақ" бағдарламасының арқасында отандастарымызға әлемнің үздік жоғары оқу орындарында академиялық білім меңгеріп, ғылыми дәреже алуға мүмкіндік туды. АҚШ-тың докторантурасын бітіргеннен кейін еліміздің білім саласын дамытуға өз үлесімді қосқым келеді", - деп атап өтті Маржан Ержан.
"Болашақ" халықаралық стипендиясы жүзеге асырылып келе жатқан 29 жыл ішінде білім саласы үшін 1 058 маман шетелде даярланды. Қазіргі таңда олар бастауыш, орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істейді.