Елімізде ауыл мектептерінің 9-11(12)-сынып оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың екінші (аудандық) кезеңі өтіп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Олимпиаданың мақсаты – ауыл мектептерінің оқушылары үшін тең мүмкіндік қалыптастыру, дарынды әрі академиялық қабілеті жоғары балаларды қолдау және олардың зияткерлік әрі кәсіби дамуына жағдай жасау.
Екінші кезеңге бірінші турда бақ сынаған 83 мың қатысушының ішінен іріктелген 62 мыңнан астам оқушы қатысып жатыр.
Олимпиада 13 пән бойынша ұйымдастырылып отыр. Оның алтауы жаратылыстану-математикалық және жетеуі қоғамдық-гуманитарлық бағытта. Ол 4 кезеңнен тұрады: бірінші кезеңге қатысу үшін smart.daryn.kz сайтында 125 мыңнан астам оқушы тіркелді.
Аудандық сайыстың жеңімпаздары үшінші (облыстық) кезеңге қатысады. Ол қараша-желтоқсан айларында дәстүрлі форматта, 2 тур бойынша өтеді. Ережеге сәйкес, әр облыстан 780 оқушы қатысады.