"Ауыл" партиясы 18 жасқа дейін "бала капиталын" төлеуді ұсынды

690

Бала несібесі төлемі бала саны мен отбасы кірісіне байланысты болмауы керек. 

"Ауыл" партиясы 18 жасқа дейін "бала капиталын" төлеуді ұсынды

"Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев партияның кезектен тыс ХVIII съезінде қазіргі қоғам қазақы тәрбиені естен шығарып, отан сүю сезімінен алшақтап кеткен айтты.

"Проблемалар діңгегі болып саналатын жемқорлықты түп-тамырымен жою үшін сананы жаңарту керек. Ол тек өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына еңбексүйгіштік пен патриоттық сезімді қалыптастыру арқылы жүзеге аспақ. Елімізде неке құрған әр үш отбасының біреуі  ажырасады екен. Cоңғы жылдардағы көрсеткіштерге қарасақ, қалалық жерлердегі ажырасу деңгейі 40%-дан асса, ауылдық жерлерде ажырасу деңгейі 27%-ға жеткен. Бұл – ел болашағы үшін өте қауіпті көрсеткіш. Некесіз дүниеге келген, тастанды балалардың да саны өскен. Бұл жетімі мен жесірін далада қалдырмаған халқымыз үшін үлкен трагедия", – деді партия басшысы. 

Әли Бектаевтің айтуынша, бала тууы мен күтімі мәселесінде мемлекет тарапынан қаржылай көмекті аямауымыз қажет. 

"Экономиканың тұрақты дамуы үшін Қазақстандағы адам саны 30 миллионнан кем болмауы керек. Ал қазіргі демографиялық көрсеткіш одан екі есе аз. Сондықтан бала тууы мен күтімі мәселесінде мемлекет тарапынан қаржылай көмекті аямауымыз керек. Отбасын бағу үшін жұмыстан басын көтере алмай жүрген ата-ана бала тәрбиесіне қажет уақытын бөле алмайтыны айдан анық. Ендеше, балаларға арналған арнайы қолдау қаражатын енгізу керек. Оны "бала нәсібі" яғни бала капиталы деп атап, 18 жасқа дейін төленуін қамтамасыз еткен жөн. Ол төлем бала саны мен отбасының кірісіне байланысты болмауы керек деп есептеймін. Бұл қаражат арнайы банк картасы арқылы беріліп, тек баланың қажетіне, мысалы оның киіміне, тамағына, оқуына, оқулығына, емделуіне жұмсауы тиіс", – деді Әли Бектаев.

Сонымен қатар, "Ауыл" партиясының басшысы елдегі демографиялық ахуалды жақсарту үшін сыртта жүрген 7,5 млн қандасымыздың елге келуіне жағдай жасауымыз керек екенін айтты. Қандастар көшін қайта жандандыру үшін дипломатиялық миссия құзырлы органдармен бірлесе отырып қазақтардың тарихи отанына қоныс аударуы кезінде мал, техника тәрізді мүліктерін өздерімен бірге ала келуі мәселесін шешуі тиіс.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу