Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың сөзінше, енді тері мен жүнді далаға тастауға болмайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Жүн қабылдаумен біз атаған 15 кәсіпорыннан басқа компаниялар да айналысуға ниет танытып отыр. Жүн мен тері өңдейтін жаңа кәсіпорындар ашылғанша экспортқа рұқсат беріп отырмыз. Оның үстіне халықтан тері жинайтын кәсіпорындарға субсидия береміз. Сондықтан, халыққа айтатынымыз, теріні де, жүнді де далаға тастауға болмайды. Әр облыстың әкімдіктеріне тапсырма берілген болатын. Әр ауданда сервистік дайындау орталығын ашып, тері мен жүнді халықтан жинап, өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация арқылы өңдеуші зауыттарға өткізуге болады. Теріні зауытқа өткізген адамның шаруа қожалығы немесе фермерлік қожалығы болса, сол реквизиттері арқылы субсидия төленеді, – деп атап өтті министр.
Оның айтуынша, Ақтөбеде ашылатын жүн өңдейтін зауыт әмбебап кәсіпорын болады. Әрі Айдарбек Сапаров осыған дейін жүн мен тері саласындағы кедергілерді жіпке тізгендей санамалап берді.
– Тері мен жүн мәселесінде қиын жағдай болды ғой. Өздеріңіз білесіздер, кедендік баж кіргізгеннің салдарынан көптеген экспорттаушы компанияның жұмысы тоқтап қалған. Пайда болмағандықтан, жағдай солай өрбіді. Ал өзіміздегі тері мен жүн өңдейтін компаниялар баж тетігін пайдаланып, жұмысын жандандыра алмады. Өйткені ондай мұршалары да жоқ. Өңдеу саласында жаңа кәсіпорындар салуға тырысып жатқанымызды баяндамамда айттым. Тамыз айында Ақтөбе облысында жүн өңдейтін кәсіпорын ашылады. Ол жүннің қарасы болсын, ағы болсын, сарысы болсын, өңдеп материал шығара алады, – деді Айдарбек Сапаров.