Ауыл шаруашылығы министрлігі ел аумағынан ірі қара малды және ұсақ мал басын әкетуге жарты жылға тыйым салуды, сондай-ақ 12 айдан асқан бұқалар мен 6 айдан асқан қошқарларға сандық шектеулер енгізуді жоспарлап отыр.
Бұйрықтардың тиісті жобалары мемлекеттік органдардың келісіміне жолданған.
Бұл шаралар бірінші кезекте елдің мал шаруашылығы саласын дамыту үшін қажет. Атап айтқанда, бұрын қолданыста болған осыған ұқсас шектеулер малдың барлық түрлері бойынша аналық мал санының өсу қарқынына қол жеткізуге мүмкіндік берді. 2023 жылғы 1 қаңтарда ІҚМ саны 2,5% өсті, бұл ішкі нарықтың етпен қамтамасыз етілуіне оң әсерін тигізді. Сондай-ақ, ет өңдеу көлемі 7,7% өсіп, 176,7 мың тоннаға жетті.
Сондай-ақ, соңғы 5 жылда мал шаруашылығы саласын қолдауға 556 млрд теңге, оның ішінде етті мал шаруашылығын дамытуға 211 млрд теңге бөлінді.