Агроөнеркәсіптік кеш – ел экономикасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі салалардың бірі. Бүгінде бұл бағытта шикізат өндірумен қатар, оны терең өңдеу, өндіріс қуатын арттыру және отандық өндірушілерді жүйелі қолдау мәселелері алдыңғы қатарға шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, бүгінде елдегі өнеркәсіп өндірісінің шамамен 6%-ы және өңдеу өнеркәсібінің 13%-ы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына тиесілі. 2026 жылдың 10 айында тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,6 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға өскен. Тамақ өнеркәсібінің негізгі салаларында оң динамика сақталып отыр. Атап айтқанда, өсімдік майы өндірісі 24,1%-ға (938 мың тонна), ұн өндірісі 10,8%-ға (3,2 млн тонна), ал кондитерлік өнімдер өндірісі 7,1%-ға (210 мың тонна) ұлғайды.
"Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы шикізатының негізгі түрлерін қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу жөнінде стратегиялық міндет қойды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 64%-ға жетті. 2025 жылы саланың негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі екі еседен астам өсіп, 389 млрд теңгеге жетті (2024 жылы – 182,7 млрд теңге). Жалпы құны 120,4 млрд теңгені құрайтын 53 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Оның ішінде 24 жоба – мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, ал 29 жоба – өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және сусындар өндірісіне бағытталған", – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова Құрылтайда өткен Үкімет сағатында.
Саланы ілгерілету үшін үш бағытта кешенді жұмыс жүргізу көзделген: зауыттарды отандық шикізатпен қамту, заманауи өндіріс қуаттарын ұлғайту әрі дайын өнімді өткізуге жәрдемдесу. Осыған орай, мемлекеттік қолдау тетіктері шикізатты өндіру мен сатып алудан бастап, оны қайта өңдеу және дайын өнімді нарыққа шығаруға дейінгі бүкіл тізбекті қамтып отыр. Басым дақылдарды қайта өңдеуге өткізген кезде де субсидия беріледі. Бұл фермерлерге өнімін ел ішіндегі зауыттарға өткізуге ынталандыруы үшін жасалған. 2026 жылы осы мақсатқа 20,7 млрд теңге бөлінді.
Басқа салаларға да қолдау тетіктері бар. Мәселен, сүт зауыттарына сары май, ірімшік пен құрғақ сүт жасау үшін шикізат сатып алу шығындары субсидияланады. Бұған жыл сайын шамамен 20 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар тиісті өңдеуші кәсіпорындар үшін салық жеңілдіктері сақталған. Оның ішінде қосылған құн салығы бойынша қосымша есепке жатқызу мүмкіндігі де бар.