ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекциясының қызметкерлері прокуратура және полиция қызметкерлерімен бірлесіп Аймауытов көшесіндегі қойма үй-жайларына рейд жүргізді, деп жазады inbusiness.kz.
Рейд барысында ветеринариялық-санитарлық нормалар мен заңнаманы өрескел бұза отырып жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін заңсыз жұмыс жүргізіп отырған цехтар анықталды: тиісті ветеринариялық құжаттарсыз ауыл шаруашылығы жануарларының бастарын аршу (ірі қара мал, жылқы сою). Ветеринариялық-санитарлық нормаларды сақтамай, ауыл шаруашылығы жануарларының ішкі өнімдерін тартылған ет (фарш) күйінде дайындап, өнімді ветеринариялық бақылаусыз қоғамдық тұтынуға өткізу.
Ветеринариялық қағидаларды, талаптарды (мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және өткізуге байланысты) сақтамағаны үшін 4 тұлғаға қатысты "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 406-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Әрқайсысына 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Ветеринариялық талаптарды сақтамай, ет өнімдері мен шикізатты тасымалдағаны үшін "Газель" маркалы жүк көлігінің жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК 406-бабы 1-тармағының 2-тармақшасы негізінде 20 АЕК айыппұл салынды.
Сонымен қатар тексеру барысында анықталғаны: сойылған ауыл шаруашылығы жануарларының басына ветеринариялық ілеспе құжаттар болмаған. Ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізілмеген. Алынған мал өнімдерін сақтауға арналған мұздатқыш камералар жоқ. Жарамсыз ет қалдықтарын сақтау және кәдеге жарату жүйелері қарастырылмаған.
Қойма үй-жайында дезинфекция, дезинсекция, дератизация және тіпті ылғалды тазалау жұмыстары жүргізілмеген. Сонымен қатар, аршу орындарында мал басы еті мен шикізаты антисанитарлық жағдайда өңделгені анықталды.
"Ветеринария туралы" заң талаптарының өрескел бұзылуының салдарынан адам өмірі мен денсаулығына қауіп төңдіруіне байланысты аталған қоймалар ветеринариялық инспекция мамандарымен уақытша жабылып, мөрленді.
Адам мен жануарлардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін жою және кәдеге жарату қағидаларына сәйкес 8 қойма үй-жайында анықталған жануарлардан алынған, өңделген барлық өнімдер жойылды.