Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға қаржы жетіспей жатыр

325

2023 жылы тек Жетісу облысында инвестициялық шығындарды өтеуге 4,8 млрд теңге сомасына 1657 өтінім келіп түсті. Нәтижесінде тек 984 млн теңгеге 435 өтінім мақұлданды. 

Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға қаржы жетіспей жатыр Фото: canva.com

Ал транспорттық шығындарды өтеу жөнінде 684 өтінім түсті, онда тек 94 компанияның өтініші мақұлданды, деп жазады inbusiness.kz cайты.

Мемлекет басшысы өзінің қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында "біздің алдымызда аграрлық секторды шикізат базасынан тиімді қайта өңдеу кешеніне трансформациялау және 3 жыл ішінде АӨК-дегі қайта өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін ұлғайту міндеті тұр" деп атап өтті. Алайда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент "Үкімет оны шешу үшін әлі елеулі қадамдар жасаған жоқ" деп сынға алды. 

Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылдың маусым айында агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін ұлғайту, импортты алмастыру аясында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелері бойынша Үкіметтік сағат өтті.

Осы Үкіметтік сағаттың қорытындысы бойынша Комитет өз құзыреті шеңберінде мемлекеттік органдарға 27 ұсыным берді. Сенатор Закиржан Кузиевтің айтуынша, 14 ұсыным бойынша мемлекеттік органдар қажетті шаралар қабылдады, 5 ұсыным мемлекеттік органдар қолдауын таппады, 6 ұсыным орындалмады және талқылау және жоспарлау сатысында 3 ұсыным тұр. Алайда бүгін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов мәлімдеме жасап, мүлдем бөлек деректерді көрсетіп, ұсыныстардың тең жартысы орындалғанын баяндады.

"ҚР Парламенті Сенатында ауыл шаруашылығын дамыту бойынша барлығы 23 ұсыныс берілген болатын, бүгінгі таңда министрлікпен олардың жартысы орындалып, қалған бөлігі орындалу сатысында. Көбі мемлекеттік қолдаудың жүйелі шараларын көрсетуге бағытталған", - деді вице-министр. 

Атап айтқанда бүгінде қолданып жүрген қолдау шараларына:

- [ ] ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша өндірістерді құру және жаңғырту, 
- [ ] несие бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, 
- [ ] фермерлер шығындарының бір бөлігін өтеу үшін инвестициялық субсидиялар, 
- [ ] айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдетілген несиелер көлемін ұлғайту,
- [ ] экспортқа шығару барысында ҚҚС-ты мөлшерлемесін қысқарту және осы ҚҚС-ты 70%-ға төмендету бойынша жеңілдік алатын тауарлар өндірушілер тізбесін кеңейту жатады. 

Вице-министр әрқайсысына жіті тоқталды.

Сонымен өткен жылы аграөнеркәсіпті кешен саласында 3,8 мың жұмыс орнын құру арқылы 275,6 млрд теңге сомасына 289 инвестициялық жоба іске асырылған болатын. 

"Оның ішінде мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 103,5 млрд теңге сомасына 29 жоба, өсімдік саласында қайта өңдеуге 15,3 млрд теңгеге 19 жоба іске асырылған. Осы жылы 11 инвестициялық жобаны, оның ішінде астықты терең өңдеу бойынша 2 ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жалпы 5 жылда 300 млрд теңгеге жуық қайта өңдеу бойынша 50-ден астам инвестициялық жобаны іске асыру көзделген", - деді Бағлан Бекбауов.

Вице-министр сөзіне сенсек, жаңа қайта өңдеу кәсіпорындарын құруға инвестицияны екінші деңгейлі банктердің несиелердің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жолымен қарыз алу үшін 4-6%-ға дейін төмендетіп тарату қарастырылды. Сондай-ақ шығындарының 25%-ына дейін өтей отырып, инвестициялық субсидиялар берілетін болады. Инвестициялық субсидиялар ережесіне тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр, делінген Бекбауов баяндамасында. 

Сенатор Закиржан Кузиевтің айтуынша, мемлекеттік қолдау болғанымен бөлінген қаражат жеткіліксіз. 

"Мемлекеттік қолдауға келетін болсақ, ауыл шаруашылығы министрлігі 25% мөлшерінде инвестициялық салымдар кезінде шығындардың бір бөлігін өтеуді өз мойнына алды. Бұл қолдау шарасы қайта өңдеушілерді ынталандыра түсетіні анық. Алайда, бағдарлама бар, бірақ төлеуге ақша жеткіліксіз. 

Мәселен, 2023 жылы тек Жетісу облысында инвестициялық шығындарды өтеуге 4,8 млрд теңге сомасына 1657 өтінім келіп түсті. Нәтижесінде тек 984 млн теңгеге 435 өтінім мақұлданды", - деді сенатор. 

Жалпы Ауыл шаруашылығы министрлігімен 5 жылдық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімін және тамақ өнеркәсібінде қайта өңдеуді дамыту бойынша кешенді жоспар әзірленді. Оны іске асыруға 720,2 млрд теңге қаражат көзделген, оның ішінде қайтырым ақшасы немесе несиелендіруге 679,1 млрд теңге, субсидияға 41,2 млрд теңге қарастырылды. Жоспар бойынша тамақ өнімдерін өңдіру көлемін 2 есе арттырып, салаға 1 трлн теңге инвестиция тартылуы тиіс. 

Ауыл шаруашылығындағы тағы бір мәселе — ішкі азық-түлік нарығында импорт көп. Мұны Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев та растап отыр. Биыл экспорт көлемі азайып, импорттың үлесі қысқармай отыр. 

"Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімі тауарларының айналымы 2023 жылы $11,3 млрд құрады, өткен жылмен салыстырғанда өсім — 2,6%. Өткен жылы саладағы эскпорт көлемі 4,3%-ға төмендеп, $5,4 млрд құрады. Экспорттың төмендеуі маргарин, зығыр тұқымы, ұн, арпа, күнбағыс тұқымдарының жеткізілуімен байланысты. Импорт 2023 жылы 0,9%-ға төмендеп, $5,9 млрд құрады. Сауда көлемінің төмендеуі тауар құнының арзандауымен байланысты. Негізгі серіктестеріміз — Ресей, Өзбекстан және Қытай", - деді вице-министр. 

Бүгінгі таңда Қазақстанда Қытай Халық Республикасымен Қытай нарығына бидай, соя, бұршақ және жасымық, жүгері және т.б. қоса алғанда, өсімдік шаруашылығы өнімдерінің 13 түрін экспорттау бойынша қол қойылған хаттамалар бар. 

"Қазір ҚХР-ға өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспорты $630 млн құрайды. Біздің еліміздің әлеуеті әлдеқайда үлкен әрі біз бұл көрсеткішті арттыра аламыз деп санаймын. Осыған байланысты зертхананы Қытай тарапы мойындайтын сертификаттар беру үшін заманауи жабдықтармен жабдықтау жұмыстарын жүргізу қажет", - деді Сенатор. 

Жалпы Сауда және интеграция министрлігімен ауыл шаруашылығы экспортын қолдау үшін 20 түрлі шара қабылданған.

"Мысалы 2023 жылы 21 сәуірден 21 шілде аралығында индустриялық инновациялық қызметтің 250 субъектісіне транспорттық шығындарды өтеу жөнінде 684 өтінім түсті, оның ішінде 94 компанияның өтініші мақұлданды (басым бөлігі ауыл шаруашылығы). Бөлінген қаражат толығымен игеріліп, төленбеген кәсіпорындар шығыны келесі жылға қалдырылды", - деп сендірді Қайрат Төребаев.

Алайда мұнда да қаржының жетіспеушілігінен өтінім берушілердің көбі өтемақасыз екінші жылға қалып жатыр. 

"2022 жылы шығындарды өтеуге 259 субъектіден 621 өтінім берілді. Жалпы сомасы 4,3 млрд теңгеге 219 өтінім мақұлданды. 6,3 млрд теңге сомасына қалған өтінімдер қаражаттың жетіспеуіне байланысты келесі жылға ауысты. Осындай жағдай 2023 жылы да қайталанып отыр.

Бұл тағы да саланың жеткіліксіз қаржыланып жатқанын көрсетеді, яғни қолдау бағдарламалары бар, олар өте маңызды, бірақ оған ақша дұрыс есептелмеген.
Осыған байланысты министрліктер тарапынан және жалпы Үкімет тарапынан тиімсіз жоспарлау жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді", - деді Закиржан Кузиев.

Сонымен қатар, Қазақстанда бірқатар себептер бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен қозғалысын объективті есепке алу әлі жоқ екенін мойындау қажет, деді сенатор.

АШМ министрімен кездесуде Айдарбек Сейпеллұлы Сапаров саланың негізгі проблемалық факторларының біріне статистикалық деректердің бұрмалануы жататынын айтты. Осыған байланысты АӨК саласындағы нақты көріністі көрсету мақсатында есеп айырысу процесін цифрландыру қажет.

Мемлекеттік қолдауға қарамастан, бүгінгі таңда АӨК баяу қарқынмен дамып келеді. Бұған ЖІӨ-дегі ауыл шаруашылығының үлесі  5%-дан да аса алмауы дәлел. Ал ауылдық жерлерде Қазақстан халқының 40%-ы тұрады. Бұл ретте, бүгінде бізде өндірілген өнімнің 80%-ы шикізат түрінде, яғни қайта өңдеусіз экспортталады. Дәнді-дақылдар мен негізгі көкөністердің бағасы күрт төмендеп, шаруалардың қарызға батып жатқаны тағы бар. 

"Қайта өңдеу мәселесі бір құжатпен немесе бір отырыста шешілетін мәселе емес. Бұл мәселе қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, жер қатынастарын дамыту, саланы цифрландыру, аграрлық ғылым мен білім беруді жетілдіру, ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сияқты кешенді шараларды қабылдауды талап етеді. Біз мұнда кешенді тәсіл болуы керек деп санаймыз", - деп түйіндеді сенатор. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу