Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев құзырлы министрліктерден ауыл шаруашылығы саласына бюджеттен бөлінген қаражаттың не себепті толық игерілмей қалғанын сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жоғары аудиторлық палата ауыл шаруашылығында былтырғы жылдармен салыстырғанда жақсы өзгерістер көбірек болғанын жазыпты. Бірақ 68 млрд теңге игерілмей қалды деп қысқа қайырыпты. Мендегі ақпарат бойынша жағдай кішкене басқашалау. Жыл сайын инвестициялық мақсаттарға 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие бөлінеді. Мысалы, 2023 жылы – 100 млрд теңге, 2024 жылы – 100 млрд теңге, ал 2025 жылы 200 млрд теңге қарастырылған. Алайда оның игерілгені 131 млрд теңге ғана, қалғаны игерілмей қалды деп отыр. Айдарбек Сейпілұлы және Мәди Төкешұлы, бұл ақша не үшін игерілмей қалды? Шаруалар қуанып отыр ғой, жоба бар. Сұраныс көп. Ауыл шаруашылығы министрлігі өз қолын өзі шаппайды деп ойлаймын. Бірақ неге 68 млрд теңге берілмей қалды?", – деп сұрады Анас Баққожаев.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бұл бағдарлама Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде 2023 жылдан бері басталған.
"2023 және 2024 жылдары бөлінген 100 млрд теңге толық игерілді. Ал 2025 жылы бюджетте 200 млрд теңге бекітілген болатын. Соның 131 млрд теңгесі түгел игерілді және 90-нан астам жобаға бағытталды. Қалған жобаларға биылғы жылға жоспарланған 100 млрд теңгенің 70 млрд теңгесі беріліп отыр. Яғни бұл қаражат осы жылға көшті. Қалған 30 млрд теңгені Қаржы министрлігі бірінші жартыжылдықта бөледі деп жоспарланып отыр. Сонда барлық жоба іске асатын болады", – деді ведомство басшысы.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің сөзінше, биыл бағдарламаға тағы 100 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда оның 71 млрд теңгесі қаржыландырылды. Қалған 29 млрд теңге осы айда толық берілетіні белгілі болды.