Ауыл тұрғындары 30 жыл күткен жол сапасыз болып шықты

308

Павлодар облысында ауыл тұрғындары 30 жыл күткен жол сапасыз болып шықты.

Ауыл тұрғындары 30 жыл күткен жол сапасыз болып шықты Фото: Inbusiness.kz

Биыл жазда Баянауыл ауданына қарасты Ұзынбұлақ елді мекенінің 11 шақырым жолына асфальт төселген еді. Алайда, жол сапасын қадағалайтын құзырлы орган жабындының талапқа сай емес екенін анықтады. Қазір жергілікті билік мердігер компанияны сотқа беріп жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ұзынбұлақ ауылының тұрғыны Марат Жұмабековтің былтыр жазда "Атамекен" телеарнасына берген сұқбатынан кейін шенеуніктер іске көшіп, биыл жазда 11 шақырым жолға асфальт төсеу үшін 580 млн 800 мың теңге бөлінді. Алайда, жаңадан салынған жол жабындысы тұрғындардың көңілінен шықпады.

"Жалпы бұл жол халықтың 30 жылдан бергі арманы ғой. Былтырдан осы мәселені көтеріп жатырмыз. Сапасына осы жөндеу жұмыстары басталған кезде халықтан наразылық болды. Бірақ оны жұмыс жүріп жатқан кезде ешкім елеген жоқ. Ол жаңағы мердігерлерге де айтылды", - дейді ауыл тұрғыны Сұңқар Аханов.

Биыл жөнделген 11 шақырымдық жол Ұзынбұлақ ауылын республикалық маңызы бар "Қалқаман-Үміткер-Ботақара" күре жолына жалғайды. Асфальт төсеу жұмыстары аяқталған соң оның сапасын тексеретін арнайы мекеме зерттеу жүргізген. Нәтижесінде жол жабындысының талапқа сай емес екені анықталды. Жұмыс барысында ақаулар анықталып, қайта жөнделген. Бәрібір дұрыс болмады.

"Бір рет жасады одан кейін ақаулар пайда болғаннан кейін өз күштерімен ол ақауларды шұңқыр жұмыстарын жасау арқылы жойған болатын. Алайда, салынған асфальттары дұрыс емес болып бұл ақаулар қайта пайда болып жатыр. Сондықтан оларды қайта жою керек болып тұр", - дейді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" ПОФ директоры Ерлан Қалымов.

Сапасыз салынған жолды тапсырыс беруші тарап қабылдап алмаған. Әйтсе де, мердігерге 500 млн-дай теңгесі төленіп қойыпты. Берілмеген 82 млн теңгесі қалды. Баянауыл әкімдігі мердігерді жосықсыз деп тану үшін сотқа берген. Жалпы, жыл басынан бері павлодарлық жол сапасын тексерушілер 212 нысаннан 1840 сынама алды. Оның 556-ы талапқа сай болмаған.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу