Ауыл тұрғындары даладан ағаш теріп, үй жылытып жүр

1162

Маңғыстау облысындағы Батыр ауылының тұрғындары үйлеріне 5 жылдан бері  газ тарта алмай әлек.  

Ауыл тұрғындары даладан ағаш теріп, үй жылытып жүр

Күн суыса бірі отын, енді бірі газ баллонын қолданатын тұрғындар "әкімдіктегілер сөзінде тұрмады" деп ашулы. Ал аудандағы жауапты бөлім басшыларының сөзіне сенсек, ауыл жұрты биыл да қысты жылусыз өткізетін түрі бар.

Жетпіске желкелеген Алтын Мұхамбетова күз келе отын жию қамына кіріседі. Кейуананың отбасы жыл сайын үйін қолдан жасалған пешпен жылытады. Отынға ағашты не сатып алады, немесе даладан іздейді. Ал күнделікті тамақ пісіру үшін газ баллон қолданудан басқа амалы жоқ.

"Биыл да әне келеді, міне келедімен табанымыз тозды әкімге барып. Енді осы жерге тендерге ақша бөлінді дейді. Соны да қоспай отыр.+ Отын да жоқ, ала қояйық десек көмір жоқ.  Түтін-түтін, өртеніп кетсе адам бірде болады, бірде болмайды бала-шаға бір затқа тиіп кетсе кім кінәлі?" - дейді  Батыр ауылының тұрғыны Алтын Мұхамбетова.

"Газ жоқ, немерелеріміз ауырып жатыр. Ауырсақ кімге барамыз енді? Әкімге барсақ әне-мінеменен газ тартпай жатыр. Үйдің іші суық. Тыңдайтын құлақ болса, бізге газ керек!" - дейді  Батыр ауылының тұрғыны Қаным Кендірбаева.

Кейбір елді мекен халқы қыс келісімен үйлерін тастап, өзге жерден пәтер жалдайды. Сол себепті балалары қыста мектеп ауыстыруға мәжбүр. Ал жергілікті әкімдіктегілер биыл да газ желісі жетпеуі мүмкін деп отыр. Өйткені мердігер мекеме құрылыс материалдарының қымбаттауына орай, жобаға бөлінген бастапқы бағаға өзгеріс енгізуді сұрап отыр екен.

"Қазіргі таңда құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты аталған нысан бойынша түзету енгізуге мердігер тарапынан ұсынылды. Алайда соңғы нақты тапсырмасы облыс тарапынан жүргізілетін болады. Аталған нысанды уақытынан бұрын қысқы мерзімге қалдырмау мақсатында  мердігерге бірнеше рет  хат жолданды құрылыс жұмыстарын аяқтау бойынша. Атқарылмаған жағдайда  сот құзырына жолданатын болады" - дейді Мұнайлы аудандық құрылыс, сәулет бөлімі басшысының орынбасары Қыдырберген Балиев .

Әкімдіктегілер дәл осы тұрғын үй салынған жердің әу баста қосалқы шаруашылыққа берілгенін алға тартады. Соның кесірінен санаулы үйге газ тарту бірнеше жылдан бері созбалаңға салынып келеді. Алайда жауаптылар амалын тауып газ құбырын жүргіземіз деп уәдені үйіп-төкті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу