Ауыл тұрғындары округ мәртебесін қайтаруды сұрайды

719

Павлодар облысындағы 750 тұрғыны бар Шегірен ауылының халқы елді мекенге округ мәртебесін қайтаруды сұрайды. 

Ауыл тұрғындары округ мәртебесін қайтаруды сұрайды Фото: yandex.kz

Жеке әкімшілігі болмағандықтан көптеген проблемалар шешусіз қалды, дейді халық. Ал, Шарбақты ауданының билігі ауылдық округ жасақтау үшін 40 млн теңге қаражат қажет екенін айтады. 

Павлодар облысы Шарбақты ауданына қарасты Шегірен елді мекені 2018 жылы оңтайландыруға ұшырап, ауылдық округ мәртебесінен айырылып қалды. Өйткені, ол кезде халық саны азайып кеткен. Соңғы екі жылда ішкі және сыртқы көштің арқасында шекарадағы ауылға адам толып, халық саны 750-ге жетті. Тұрғындар енді ауылдық округ мәртебесін қайтаруды сұрайды. 

"Бізді әзір қинап отырғаны негізінен әкімдік, әкімшілік кеңсе. Біз әкімшілік кеңсеге бару үшін 50-60 шақырым жол басамыз. Сосын қайта жүз шақырым жүріп келеміз. Негізінде біздің талабымыз бұрынғы жауып тастаған әкімдікті қайта ашып берсін", дейді Шегірен ауылының тұрғыны Әсен Нұрсанұлы.

Селолық округтың орталығы саналатын Галкин ауылы мен аудан орталығына қатынайтын жол да жетісіп тұрған жоқ. Асфальт жабындысынан жұрдай. 

Ауылдық округ мәртебесі болмағандықтан көптеген мәселеміз шешіусіз қалды, дейді халық. Елді мекендегі клуб пен мектепті  жөндеу  мәселесі де көтерілгелі қай заман. Жазда мал бағатын жайылым жоқ. Өрісті қолы ұзын фермерлер меншікке алып қойған.

"Малдың жайылым орындарын кеңейту керекпіз. Жақын араға кім егін салды әкетсін қайда апарып салса да басқа жер бар ғой. Маңындағы ауылдың мал жайылатын жерлерге егіндіктің салынуына қарсымыз", дейді Шегірен ауылының тұрғыны Мариям Абдолқызы.

Кезінде елді мекенді оңтайландыру кезінде халықтың пікірі ескерілмеген. Ал, қайтадан тірек ауыл жасау үшін 40 млн теңге қаражат қажет. Аудан басшылығы тұрғындар өтінішін қарастырамыз, дейді. 

"Осы мәселені халық көтеріп отырғаннан кейін осы халықтың өсуіне байланысты немесе мал санының жан санының өсуіне байланысты, кәсіпорындардың өсуіне байланысты бұл сұрақ қайта қарастырылады", дейді Шарбақты ауданының әкімі Әзілхан Әбеуов.

Павлодар облысында екі кезеңмен 2013 және 2018 жылдары оңтайландыру жүргізілді. Басты мақсат бюджет қаржысын үнемдеу болатын. Салдарынан 80-нен аса елді мекен ауылдық округ мәртебесінен айырылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу