Ауыл тұрғындары вагондарда тұрып жатыр

214

Ақтөбе облысы, Құмсай ауылындағы 75 үйдің 41-іне су кірген еді. 

Ауыл тұрғындары вагондарда тұрып жатыр Фото: бейнеден скриншот

Су келген кезде тұрғындар тек құжаттарын ғана алып үлгерген. Елді мекендегі 170-тен аса тұрғын эвакуацияланды. Олар Жаңажол вахталық кентіндегі жатақханаға орналастырылды. Ер адамдар бөгет пен су шаю қаупі бар жолдардың жиегін нығайту жұмыстарымен айналысқан. Судың беті қайтқан соң тұрғындар ауылдарына оралды. Алайда, елді мекендегі 27 үй тұруға жарамсыз. Сондықтан мұнай компанияларының бірі 31 вагон әкеліп берді. Жылжымалы баспаналардың барлығы дерлік жылумен, жарықпен қамтамасыз етілген. Ішінде жиналмалы кереуеттері де бар.

"Ауылға су келген кезде абдырап қалдық. Тек құжаттарымызды алып қана үлгердік. Одан кейін бірден қорадағы малымызды шығардық. Қиын жағдайға тап болып жатқандар бар, адамдар жоғалып кетіп жатқанын естіп отырмыз. Оған қарағанда шүкіршілік етеміз. Бәріміз аманбыз, әйтеуір. Басында уақытша жүрдік тумаларымыздың үйінде. Содан кейін осындай вагон жеткізіп берді. Ыңғайлы, жайлы. Енді өзіміз қалағандай үй салып берсе деп күтеміз", - деді ауыл тұрғыны Мейрамгүл Баймағамбетова.

Ауыл тұрғындары бұл вагондарды жаңа үйлер салынғанша паналайды. Осы уақытқа дейін елді мекендегі бұзылған, зақымданған нысандар толықтай тексеріліп, бағалау актісі жасалған. Ендігі міндет – жаңа баспаналар салынатын орынды белгілеу. Ол үшін кәсіби мамандардың қорытындысы дайындалып жатыр.

"Бюджет қаржысына салынатын үй келесі жылы тағы суға кетіп қалатын болса, жауапкершілік бар. Сондықтан алдымен үй салатын орынды белгілеп берсе деймін. Салынатын үйлер бір типті болады. Екі пәтерлілері де салынуы мүмкін. Аумағы 80 шаршы метр. Одан бөлек ауылды айнала қорғаныс бөгетін салуды да жоспарлап отырмыз", - деді Саркөл ауылдық окруігінің әкімі Мәди Сүйінішалин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу