Ауыл тұрғындарына вакцина салуға ерекше назар аудару керек – премьер-министр

1011

Мамырда 2 млн-нан аса адамға екпе салынады.

Ауыл тұрғындарына вакцина салуға ерекше назар аудару керек  – премьер-министр

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин ауыл тұрғындарына коронавирусқа қарсы вакцина салуға ерекше назар аудару керегін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол бүгінде вирус жұқтырудың өсу қарқыны тұрақталып келе жатқанын жеткізді.

"Вирустың репродуктивтілік деңгейі аздап төмендеп, 0,98 болды. Ауруханалардағы орындар 42%-ға, жансақтау бөлімдері 28%-ға толы. 9 өңір "қызыл аймақта" тұр: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Жамбыл облыстары", - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы өңірлерге 2,3 млннан аса вакцина жеткізілгенін айтты.

"1,5 млн-ға жуық адам вакцинаның бірінші компонентін және 350 мың адам екінші компонентін алды. Мамырда 2 млн-нан аса адамды вакцинамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз", - деді ҚР Премьер-министрі.

Асқар Мамин вакцинаның қажетті көлемі бар екенін, енді ауыл тұрғындарына екпе салу керегін жеткізді.

"Халықтың коронавирусқа қарсы вакцинаға қажеттілігін барынша қамтамасыз етіп, пандемия деңгейін төмендету үшін барлық іс-шара іске асырылып жатыр. Ауыл тұрғындарына вакцина салуға ерекше назар аудару керек. Сонымен қатар вакцина алғандардың саны артқанымен, азаматтар белгіленген санитариялық нормаларды қатаң сақтауды жалғастыруға тиіс", - деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу