2021 жылы ауылдық жерлердегі бала туу көрсеткіші қалаға қарағанда жоғары болды.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мәжілісте өткен Үкімет сағатында хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
Ведомство басшысының айтуынша, былтырмен салыстырғанда ауылдық жерлерде жалпы өлім көрсеткішінің 14%-ға төмендеуі тіркелген. Сонымен қатар биылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша ауылдағы ана өлімі қалаға қарағанда 2 есе төмен болды.
"Халықтың денсаулық көрсеткіштерін талдау, ауыл тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы қала тұрғындарынан тұрақты жоғары екенін көрсетеді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш қалаларда 69,91 жасты, ауылдарда 70,79 жасты құраған", – деді министр.
Ажар Ғиният биылғы нәресте өлімінің өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауылдық жерде 30,6%-ға ұлғайғандығын атап өтті. Дегенмен ауылда бала өлімінің деңгейі қаламен салыстырғанда 38,7%-ға төмен.