Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылының тұрғынынан 40 дана киік мүйізі тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазіргі уақытта 32 жастағы күдікті қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің "Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
"Киік мүйізі бірнеше полиэтилен пакетіне оралған. Мүйіздің бәрі тәркіленді. Полиция тергеуді жалғастырып жатыр. Аталған санкция бойынша 3 жылдан 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру немесе мүлкін тәркілеп, сол мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы көзделген", -деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.