"ҚазАгро" ұлттық холдингінің құрамына кіретін "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" 30 мыңнан астам адамға баспана әперді, деп хабарлайды abctv.kz.
Жалпы, аталған қор ауыл тұрғындарын, ауылшаруашылық тауар өндірушілерін, ауылды жерлерде қызмет ететін шағын бизнес субъектілерін шағын несиелеумен айналысатын мамандандырылған қаржы-несиелік ұйым болып табылады.
Дегенмен, қазіргі кезде бұл ұйым сонымен бірге, "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы бойынша тұрғын үйді сатып алуға немесе салуға бюджеттік несиелер беру бойынша сенім білдірілген ұйым (агент) ретінде анықталған.
Бағдарлама басталғалы бері, яғни 2010 жылдан бастап, осы қор ауылды жерлерге бюджеттік салаға жұмысқа келген 29 473 маманға тұрғын үй сатып алулары үшін жалпы сомасы 73,4 миллиард теңге көлемінде бюджеттік несиелер берді. Ал биылғы жылдың 8 айында ауылдың көркеюіне өз үлестерін қосып жатқан 2 886 адам 9,8 миллиард теңге несие алып, баспаналы болыпты.
Қаланы тастап, ауылға бет бұрған бюджеттік сала мамандарын несиелік баспанамен қамтуда қай өңірлер ілгері озғаны да анықталды. Көш басында Қызылорда облысы тұр, бұл аймақта 3 730 несие берілген. Екінші орынға Алматы облысы шықты (3 232 несие). "Үштікті" Батыс Қазақстан облысы тұйықтайды (3 111 несие).
Қордың сендіруінше, "Ауылдық ипотека" өзінің тиімді шарттарымен жастар арасында жоғары сұранысқа ие көрінеді: ол бойынша ұзақ мерзімге – 15 жылға дейін, төмен пайызбен (жылына 0,01%) баспана алуға кредит ұсынылады.
Ауылды жерлерге жұмысқа келген мамандарды несиелеу бағдарламасы барлық облыстарда жүзеге асырылады.