Ауылдағы мал жұмбақ аурудан қырылып жатыр

672

Аты жоқ ауру.

Ауылдағы мал жұмбақ аурудан қырылып жатыр

Жамбыл облысында бүтін бір ауылдағы төрт түлік жұмбақ кеселден қынадай қырылып жатыр. Халық өріске ауған малдың тек өлексесін көмумен әлек. Жанбағысы малға байланған жұрт "ауру адамға жұға ма?"- деп алаң да алаң. Ал облыстық ветеринарлар 3 аптадан бері "бұл неғылған ауру?!" -  деп өздері аң-таң. Өлген малға өтемақы беріле ме? Диагнозды кім, қашан қояды?

Төрт түлігі түсініксіз аурудан жаппай өліп жатқан бұл Майтөбе ауылы. Мал кеселі кенет ай басында басталған. Өрістен не өлі не көтерем күйде кері қайтады дейді қараша. Сөзінше қазірдің өзінде 10-ға жуық ірі қара мен 100-ге тарта қой қырылған.

Бұқара қазір үйтіп-бүйтіп ем-домын жасап жүр. Дәрінің өзіне 20-30 мың тг-мен қалта қағады. Күнкөрісі малға қараған ауыл жайылым жерге дезинфекция жасасын дейді. Көктемгі вакцина науқаны да жүрдім-бардым жасалған деп отыр.

Мәселені білмекке ветеринарлық бөлімшеге бет алдық. Есікте қара құлып. Малы ауырған ауылдағы нысанның өзі сұрықсыз күйде. Артынан жауаптыларға жолай кезіктік. Аудан басшылығына ауру бас уайымға айналған. Кесел сары ауру тектес деп болжайды. Шөп, су, қаннан сынама алып Алматыға жөнелтіпті. Одан қалды өлген малдан да талдама алынған. Бірақ нәтижесі әлі келмеді дейді.

"Жамбыл облыстық ветеринарлық лабораториясына жібереміз. Олар теріс деп береді. Біз қандай диагноз қоярымызды білмей отырмыз. Лептоспироз ауруына күдікті деп беріп жатырмыз. Бірақ нақты емес. Ал референц центрдің айтуы бойынша, дәрі-дәрмек салынбасын, сол кезде анықталады деп отыр", - дейді Талас аудандық ветеринариялық стансасының директоры Жарқын Қалмаханов.

Тұрғындардың айтуынша, осындай кесел соңғы 3 жыл бойы мазалап отыр екен. Алайда, бұрын-соңды дәл биылғыдай жаппай кезікпеген. Енді диагноз 1-2 аптада анықталуы тиіс. Егер нәтиже қауіпті делінген 18 аурудың тізіміне сай келсе, өлген малға өтемақы берілмек. Олай болмаса, шығын шаруалардың өзіне жүктеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу