Депутат Жұлдыз Сүлейменова Мәжілісте өткен Үкімет сағатында шағын жинақты мектептердің мәселесін көтерді.
Халық қалаулысы өткен айда бір топ депутаттың шағын жинақты мектептер көп орналасқан СҚО-ға барып, көшпелі отырыс өткізгендерін атап өтті.
Ол шағын жинақты мектептердің мәселесін шешуде Оқу-ағарту министрлігінің нақты бір стратегиясы бар ма деп сұрады.
"Ауылдардағы шағын жинақты мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің айлық жалақысын өсіруге байланысты қандай да бір жоспарларыңыз бар ма? Екіншіден, кейбір шағын ауылдарда мектептің болмауына байланысты балаларды тасымалдап оқытады. Олар оқитын мектеп-интернаттың жағдайы да сын көтермейді. Үшіншіден, шағын ауылдардағы шағын жинақты мектептердің кейбір ғимараттары үлкен. Ол ғимараттарды күтіп ұстау өте қиын. Кейбірі 30-40 жыл эксплуатацияға берілгендіктен, апатты жағдайда. Оларды алдағы уақытта күрделі жөндеуден өткізу экономикалық тұрғыдан негізсіз болуы мүмкін", - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Біз ауылдағы соңғы оқушы қалғанға дейін шағын мектепті сақтау қалуға мүдделіміз, деп атап өтті Мәжіліс депутаты.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспановтың сөзінше, елімізде шағын жинақты мектептердің мәселесі бар. Оның айтқан деректеріне сәйкес, республика бойынша ауылдық жерлерде 5112 мектеп бар. Соның ішінде 2700-ден астамы шағын жинақты мектептер.
"Онда 190 мыңнан астам бала білім алады. Шағын жинақты мектептердің саны өте жоғары бес өңірде – Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында цифрлық технологияларды пайдаланып, шағын жинақты ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту бойынша пилоттық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қазіргі күні Ақтөбе облысы осы пилоттық жобаны тікелей іске қосуға кірісіп кетті. Жоба шеңберінде шағын жинақты мектептерде жекелеген пәндерді қашықтан оқыту, оның ішінде стриминг тәсілдерін қолдану қолға алынды. Сондай-ақ "Тірек мектеп – магниттік мектептер" кешені жобасы арқылы тірек мектептердің педагогтеріне 5-11 сынып білім алушыларына апта сайын 2 рет математика, физика, химия, биология, ағылшын пәндері бойынша арнайы онлайн сабақтар өткізу қарастырылуда. Шағын жинақты мектептердегі мұғалімдердің айлық жалақысына тоқталсақ, қазіргі таңда арнайы бағдарлама іске қосылған", - деді министрлік өкілі.
Вице-министрдің айтуынша, министрлік тарапынан республикадағы барлық мектепке инвентаризация жүргізу мәселесі қолға алынып жатыр.