Ауылдарда жайылымдық жер тапшылығы шешімін табар емес

1043

Азын-аулақ малы бар тұрғындар қолындағы төрт түлігін қайда өрістетерін білмей отыр.

Ауылдарда жайылымдық жер тапшылығы шешімін табар емес

Аймақтағы жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, "Жайылымдар туралы" Заңда нақты міндеттер көрсетілген, алайда кейбір ауылдық округ әкімдері құқықтық нормаларды жете түсінбегендіктен осындай мәселе туындауда, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Заң талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыстың барлық аудандарында жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жайылымдарды пайдалану жоспары мен схемасы бекітілген. Бірақ бұл шаралар формалды түрде жүргізілгендіктен, Заң талаптары мен нормалары орындалмаған. Сондықтан да елді мекендер маңындағы жайылымдар жетіспейді, жердің тозу үстінде", - деген ол бірқатар статистикалық мәліметтерді алға тартты.

Биылғы қаңтарда өңірде 3,6 миллион төрт түлік тіркеліпті. Басты мәселе тұрғындардың барлық малын жылдың төрт мезгілінде де қолында ұстауында болып отыр. Осыдан соң елді мекендердегі жайылымдық жер тапшылығы туады. Бұл жұртшылықтың жергілікті өзін-өзі басқару субьектісі ретінде қолданыстағы заңнамадан туындайтын құқықтары мен міндеттерін білмейтіндігін аңғартады.

"Сол себептен халық арасында заңнаманың тиісті нормаларын түсіндіру жұмыстарын жедел жолға қою қажет", - дейді Бақтияр Бейсембайұлы.     

Ал Жамбыл облысы әкімдігі табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің сөзіне қарағанда, бүгінде өңірдегі 1859,8 мың гектар жердің 1161,6 мың гектары әртүрлі мақсатта пайдалануға берілген. Тағы  698,3 мың гектар жерді пайдалануға мүмкіндік бар көрінеді.  

Аймақтағы жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілқайыр Тамабек жайылымдарды тиімді пайдалану бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу қажет деп есептейді. Өйткені, нысаналы мақсатқа қарай жердің 20 пайызына мал тіркелетін болса, ол аумақ игерілді деп саналады. Демек, онда шара қолдануға болмайды. Оның үстіне, кәсіпкерлерді тексеруге қатысты мораторий де бар. Солай бола тұра, жақында заңсыз берілген 186 гектар жер сот шешімімен мемлекетке қайтарылған. Осы іспетті сот процестері әлі де жалғасуда.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу