"ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен екінші жыл қатарынан ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада өткізіліп келеді. Бұл жоба шалғайдағы елді мекендердегі талантты балаларды анықтап, олардың қабілеттерін дамытуға бағытталған. 2024 жылы мектепішілік кезеңге 113 мыңнан астам бала қатысып, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 35 мыңға артты. Нәтижесінде ауылдық оқушылардың жүлделі орындарға ие болу деңгейі 10 есе өсіп, мыңдаған жасөспірім үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды," – деді Ғаждембек Тұрсынов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында.
Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі дарынды балаларды олимпиадаларға дайындаудың жаңа әдістері енгізіліп жатқанын атап өтті.
"Ауыл мектептерінің оқушыларын зияткерлік жарыстарға жүйелі түрде дайындау мақсатында "Дарын" онлайн мектебі іске қосылды. Қазіргі уақытта бұл жобаға II Республикалық ауыл олимпиадасының мыңға жуық финалисі қатысып, білімін шыңдауда," – деді орталық басшысы.
Айта кетейік, 2024 жылы қазақстандық оқушылар 35 халықаралық олимпиада мен конкурстарға қатысып, 563 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 77 алтын, 201 күміс, 285 қола медаль бар. Яғни, жарыстарға қатысқан әр екінші оқушы жүлдегер атанған.