Павлодар облысы Тереңкөл ауданындағы елді мекендердің жолын жөндеу үшін бюджеттен 211 млн теңге бөлінген болатын. Мердігерлер жоспарлы істі толығымен орындамаса да "қолы ашық" әкімдер бұл соманың барлығын кәсіпкерлердің шотына аударған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Аудандық прокуратура өкілдері жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде әкімдердің "жомарт" жандар екені анықталды. Атап айтқанда, Тереңкөл ауданындағы бірнеше жол учаскесін жөндеу бойынша мердігер компаниялар анықталып, олар асфальт жабындысына қажетті материалдарды жеткізген. Алайда жұмыс толығымен аяқталған жоқ. Сол себепті әкімдік жоспарлы 211 млн теңгенің 64 млн теңгесін ғана төлеуге тиіс еді. Алайда жергілікті билік өкілдері жүктелген міндет толығымен атқарылмағанына қарамастан, барлық соманы аударған. Содан кейін мердігерлер жұмысты жылдамдатып атқарады деп ойласа керек. Бірақ бұл үміттері ақталмады. Сол үшін мердігердің үстінен сотқа арыз да түсіріп, кейін қайтарып алды.
Ал прокурорлар жүргізген тексеріс нәтижесі бойынша әкімдіктегілердің өздері жауапқа тартылды. Атқарылмаған жұмысқа ақы төлегені үшін тәртіптік жаза қолданылды. Шенеуніктер мұндай әрекетке жыл соңында бюджеттік қаржыны игеру міндеті болғандықтан барғанын айтты. Мердігерлер де артық төленген 147 млн теңгені қайтарды. Енді жол жөндеу жұмыстарын соңына дейін жеткізу қалды.