Ауылға салынған инвестиция көлемі 18%-ға төмендеді

488

Елді мекендерге бағытталған соманың жартысына жуығы Атырау облысына тиесілі.

Ауылға салынған инвестиция көлемі 18%-ға төмендеді

2020 жылдың қаңтар-қыркүйегінде ауылдардың негізгі капиталына салынған инвестиция 4,5 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 16,8%-ға төмен. Мұндағы физикалық көлем индексі 81,9%-ды құрады, деп хабарлады finprom.kz. 

Салыстырмалы түрде алсақ, 2019 жылдың қаңтар-қыркүйегінде ауыл капиталына салынған қаржы көлемі 30%-ға артып, 5,4 трлн теңгеге жеткен. 

Өңірлер бойынша ең көп инвестиция Атырау облысының ауылдарына салынған. Көрсеткіш 49,2% немесе 2,2 трлн теңге. Бұл да өткен жылдан 26,2%-ға төмен. 
Сонымен қатар көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатардағы аймақтар үштігіне Алматы облысы (272,3 млрд теңге) мен Шығыс Қазақстан облысы (255,6 млрд теңге) кіреді.

Жуырда Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ауылдарды дамытуға бағытталған бағдарламаларға өзгерістер енгізуді ұсынды. 

Оның айтуынша, "Ауыл — Ел бесігі" жобасын ұттық бағдарлама жасау мәселелері қарастырылуда. Оның аясында ауыл мен облыс орталықтарына көлік қатынасын реттеп, елді мекендерде тұрғын үй салып, ауылдағы кәсіпкерлерді қаржылық қолдауды арттыру керек. 

Ұлттық экономика министрлігі жүргізген зерттеу әр бесінші ауылда мектептер мен балабақшаларға, әр үшінші ауылда ауруханалар мен дәрігерлік амбулаторияларға жөндеу жұмыстарын жүргізу керек екенін көрсеткен. Бұған қоса 2 мыңнан аса елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтып, 30 мың шаршы шақырым жолды жөндеу қажет. 

Үш тоқсанның қорытындысы бойынша ауылдар қаражатының көп бөлігі (43,5%) түрлі ғимараттар мен нысандарды жөндеуге жұмсалған. 22%-ы көліктер сатып алу мен ескі көліктерді жөндеуге жұмсалған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу